Биыл 18 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров ІІМ-нің дәстүрлі брифингінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өтініштер саны 3 есеге артты. Олардың 60%-ы бойынша полиция жәбірленушілердің өтініш беруден бас тартуына байланысты шара қолдана алмады. Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арызсыз полиция қызметкерлері «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды. Нәтижесінде агрессорлардың жазасыз кетуі дендейді, - деді Ренат Зұлқайыров.
Ол қол жұмсау әдетке айналғанын атап өтті. Бұл одан да ауыр нәтижеге алып келеді.
Биыл тұрмыстық салада 18 кісі өлтіру болды. 2022 жылғы қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берді, - деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.
Қазақстанда жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама келіп түсетінін еске сала кетейік.