Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,4 млн гектарға жетті. Оның ішінде астық жинау алаңы - 16,1 млн гектар. Осы жылдың қолайлы жағдайы егін жинау науқанының көп бөлігін үзіліссіз өткізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде бүгінгі күні республика бойынша барлығы 15,4 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе жалпы егін жинау алаңының 96,3 пайызы жиналды. Орташа түсім гектарына 13 центнер көлемінде 20,1 млн тонна астық бастырылды, - деді министр.
Министрдің мәліметінше, былтыр орташа түсім гектарына 9,8 центнерден айналып, 14,9 млн тонна өнім алынды. Биылмен салыстырғанда 25,9 пайызға аз болған еді. Ақтөбе, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында дәнді дақылды жинау толығымен аяқталды.
Егер дақылдар, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар дақылдар бөлінісінде қарайтын болсақ, онда жиналатын бидай алаңы 12,9 млн гектарды құрайды. Оның 12,6 млн гектары немесе 98,1 пайызы жиналды, түсімділігі гектарына 12,4 центнер шамасында 15,5 млн тонна бастырылды. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында бидай жинау аяқталды. Қалған облыстарда аяқталу сатысында,- деді Ербол Қарашөкеев.