Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халық алдында берген есебінде айтып берді.
Еңбек өнімділігі 11,7 пайызға артты. Өңделген тауардың экспорты 73,2 млн АҚШ долларын құрады. Жыл сайын индустрияландыру картасы аясында жаңа жобалар іске қосылады. 2015-2019 жылдары 5,2 трлн теңгенің 556 жобасы іске қосылды. 85 мың жұмыс орны құрылды. Жергілікті органдардың мәліметі бойынша, 2020 жылы 1,1 трлн теңгенің 160 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Ол 17 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, - деді министр.
Десек те министр елдегі макроэкономикалық жағдай ескеріліп, алдағы уақытта бұл көлем түзетуге ұшырауы әбден мүмкін екенін жасырмады.
Индустрияландыру жылдары өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай серпін болды. Мәселен, шағын және орта бизнесті ынталандыру арқылы жеңіл өнеркәсіп саласын қайта жандандырдық. Қазір елде өндірілетін маталар мен кілемдер, балалар киімі мен аяқ, бас киімдер импорттық тауардан асып түспесе, кем емес. Бұл салаға тиесілі 1116 кәсіпорында 18 мың адам жұмыс істейді, - деді ол.