Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. тілшісі. Бүгін елордада өткен Қазақстан Республикасы травматолог-ортопедтерінің III cъезінде еліміздегі Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының жетістіктерін айрықша айтылды.
"Осындай көшбасшы ғылыми-зерттеу институтының Қазақстанда қарқынды жұмыс істеп тұрғаны қуантады. Біз де көршілес әрі бауырлас елімізден қалыс қалмайық деп Қырғызстанда да аштық», - дейді Қырғыз Республикасынан келген өкіл, Бішкек травматология және ортопедия ғылыми зерттеу орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор Сабырбек Жұмабеков.
Іс-шара барысында Қазақстан халқы аз қоныстанған, арақашықтықтары алыс аймақтар, елді мекендер және мамандандырылған көмек көрсету орталықтары үшін өте өзекті болып келетін травматология мен ортопедия инновациялық технологияларды енгізу және қолдану мәселелері, ортопедиялық-травматологиялық көмек ұйымдастыру, жарақаттанудың алдын алу мәселелері бойынша пленарлық және секциялық отырыстар өтуде.
"Мен Қырғыз Республикасы атынан келіп тұрмын. Қазақстандағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының жетістіктерін айрықша атап өткім келеді. Осыдан 18 жыл бұрын күллі ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып аталмыш институттың негізін қалаған ғалым Нұрлан Жұмағұлұлының ерен еңбегін айтып өтпеске болмайды. Совет Одағы кезінде мұндай орталық Орта Азия елдері ішінде Ташкентте ғана бар еді. Бұл институтта бірегей оталар жасалды. Ең заманауи технологиялар қолданысқа енгізілді. Білім алып жүрген жас мамандарға барлық жағдай жасалған. Америка, Еуропа және Ресей сынды алыс-жақын шетелдерге тәжірибе алып, біліктіліктерін арттыру үшін арнайы жібереді. Мен осыған өзім куә болдым. Бұл орайда, қазақ халқының жолы болды», - деп атап өтті профессор Сабырбек Жұмабеков.
Сондай-ақ, профессор бұл Съезд – бейне бір шағын энциклопедия іспетті екенін айтты.
"Мұнда травматология және ортопедия саласының майын ішіп, жілігін шаққан мамандар өзекті мәселелерді талқылап, соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Мұндай деңгейдегі іс-шаралар өзара ынтымақтастықты нығайтуға орасан зор үлес қосуда", - деп өз сөзін түйіндеді ол.
Айта кеткен жөн, бүгінде травматология және ортопедия медицинаның стратегиялық мәні бар маңызды саласына айналды. Ғалымдардың басын қосқан бұл құрылтай өзара тиімді халықаралық ынтымақтастық орнату үшін ғылыми әрі іскерлік байланыстар құру алаңы болып саналады.