Бірыңғай QR-код деген не? Бұл жаңалық қазақстандықтарға қалай әсер етеді?

Қазақстанда бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі іске қосылады. Жаңа инфрақұрылым банктер арасындағы бәсекені күшейтіп, кәсіпкерлерге төлем қабылдауды жеңілдетпек. BAQ.KZ тілшісі жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін, кімге қандай пайда әкелетінін және сарапшылар не айтатынын талдап көрді.

Бүгiн 2026, 17:36
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:36
Бүгiн 2026, 17:36
271
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

19 шілдеден бастап Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем жасау жүйесінде маңызды өзгеріс болады. Елде бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі ресми түрде іске қосылады. Бұл жаңашылдықтың арқасында енді сатып алушы қай банктің мобильді қосымшасын пайдаланатынына, ал сатушыға қай банк қызмет көрсететініне қарамастан, бір ғана QR-код арқылы төлем жасай алады.

Жаңа жүйенің іске қосылатынын бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеген болатын. Банк басшысы атап өткендей, 19 шілдеден бастап қолма-қол ақшасыз төлемдерге арналған бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі жұмысын бастайды. Сонымен қатар Парламенттің қолдауымен цифрлық активтер индустриясын дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды. Ұлттық банктің реттеуші алаңы аясында цифрлық қаржы активтері саласында 30-дан астам инновациялық жоба іске қосылды.

Оның айтуынша, жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін әртүрлі банктердің клиенттері сатушы немесе сатып алушы қай банктің қызметін пайдаланатынына қарамастан, бір QR-код арқылы тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады.

Бірыңғай QR деген не?

Қазіргі таңда Қазақстанда әр банк өз QR-төлем жүйесін пайдаланады. Егер дүкенге белгілі бір банк қызмет көрсетсе, сатып алушы көбіне сол банктің қосымшасы арқылы ғана QR-кодпен төлем жасай алады.

Жаңа жүйе осы шектеуді алып тастайды.

Яғни:

  • Freedom Bank клиенті Halyk Bank терминалы арқылы төлем жасай алады;
  • Kaspi.kz қолданушысы Bereke Bank немесе басқа банк қызмет көрсететін сауда орнында еш қиындықсыз QR арқылы есеп айырыса алады;
  • кәсіпкерлер әр банкке жеке-жеке QR орналастыру қажеттілігінен біртіндеп арылады.

Нәтижесінде Қазақстанда банктердің барлығына ортақ ұлттық төлем инфрақұрылымы қалыптасады.

Бұл жүйе не үшін қажет болды?

Бірыңғай QR-код идеясын Ұлттық банк алғаш рет 2024 жылы ұсынған болатын.

Сол кезде Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясы барлық екінші деңгейлі банктерді бір ұлттық төлем кеңістігіне біріктіретін платформаның тұжырымдамасын жариялаған еді.

2025 жылдың тамызында техникалық платформаның дайын екені хабарланды.

Сол кезде тоғыз банк жүйеге қатысу туралы келісімге қол қойған, олардың бесеуі телефон нөмірі арқылы банкаралық ақша аудару сервисіне қосылып үлгерген болатын.

Алайда QR-төлемдерді толық іске қосу үшін әр банктің ішкі ақпараттық жүйелерін өзара біріктіру қажет болды.

Осы себепті жобаны толық енгізу кейінге қалдырылды.

Жүйе дайын, енді банктер кезең-кезеңімен қосылады

BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жауап берген Ұлттық банк бүгінде банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің негізгі функционалы толық дайын екенін хабарлады.

Қазір орталық инфрақұрылым жұмыс істеп тұр.

Алайда оған барлық банкті қосу белгілі бір уақытты қажет етеді.

Себебі әрбір қаржы ұйымы өзінің мобильді қосымшасын бейімдеуі, ішкі ақпараттық жүйелерін жаңартуы, кешенді техникалық сынақтар өткізуі және бизнес-процестерін жаңа жүйеге сәйкестендіруі қажет.

Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі негізгі жұмыс осы интеграцияны сапалы аяқтауға бағытталған.

Мұндағы басты мақсат – клиенттер үшін жүйенің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар заңнамаға сәйкес барлық екінші деңгейлі банктер өз клиенттеріне банкаралық QR-төлем жасау мүмкіндігін ұсынуға міндетті.

Клиенттер үшін не өзгереді?

Ұлттық банктің мәліметінше, жаңа жүйенің негізгі мақсаты – түрлі банктердің төлем инфрақұрылымын бір ортаға біріктіру. Соның нәтижесінде сатып алушы қай банктің мобильді қосымшасын пайдаланатынына қарамастан, кез келген сауда немесе қызмет көрсету орнында QR арқылы төлем жасай алады.

Яғни бұған дейін белгілі бір банктің QR-кодын тек сол банктің клиенттері ғана пайдалана алса, енді бұл шектеу жойылады.

Мәселен, егер дүкенге Freedom Bank қызмет көрсетсе, онда Kaspi.kz, Halyk Bank, Bereke Bank немесе басқа банктің клиенті де сол QR-код арқылы төлем жасай алады.

Ұлттық банк мұндай тәсіл тұтынушылар үшін төлем жасауды әлдеқайда ыңғайлы ететінін айтады.

Сонымен қатар әр банк клиенттеріне қосымша сервистерді өз саясатына қарай ұсына береді.

Мәселен, кэшбэк, бонустық бағдарламалар, бөліп төлеу және арнайы акциялар.

Бұл қызметтердің барлығы бұрынғыдай банктің ішкі өнімдері ретінде сақталады.

Яғни бірыңғай QR енгізілгенімен, әр банктің маркетингтік артықшылықтары жойылмайды.

Кәсіпкерлерге қандай пайдасы бар?

Жаңа жүйеден ең көп ұтатындардың бірі – бизнес өкілдері.

Қазіргі таңда көптеген кәсіпкерлер бірнеше банктің клиенттеріне қызмет көрсету үшін әртүрлі QR-кодтар немесе бірнеше төлем жүйесін қатар пайдалануға мәжбүр.

Банкаралық QR енгізілгеннен кейін барлық банк үшін ортақ төлем арнасы қалыптасады.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, бұл кәсіпкерлерді артық шығыннан және қосымша техникалық қиындықтардан құтқарады.

Бұрын кәсіпкерлердің негізгі мақсаты – қай банктің QR жүйесі көп қолданылса, сол банкпен жұмыс істеу болатын.

Ал енді барлық банк клиенттері бірдей төлем жасай алғандықтан, банктердің өздері кәсіпкерлерге тиімді шарттар ұсынуға мәжбүр болады.

Комиссиялар төмендей ме?

Ұлттық банк қазіргі кезде банктердің ішкі тарифтерін тікелей реттемейтінін айтты.

Алайда заңнамаға сәйкес банкаралық QR жүйесі бойынша алынатын тарифтер банктердің қазіргі қолданыстағы төлем жүйелеріндегі комиссиялардан жоғары болмауы тиіс.

Сонымен қатар нарықтағы бәсекенің күшеюі комиссиялардың табиғи түрде төмендеуіне ықпал етеді деген болжам бар.

Ұлттық банк жаңа төлем арнасының пайда болуы эквайринг нарығындағы бәсекені күшейтіп, кәсіпкерлер үшін тиімді ұсыныстардың көбеюіне мүмкіндік береді деп есептейді.

Сарапшы: Бірыңғай QR ең алдымен клиент пен бизнес үшін тиімді

R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың пікірінше, бірыңғай QR-код жүйесінің басты мақсаты – тұтынушылардың құқығын қорғау, қолма-қол ақшасыз төлемдерді жеңілдету және цифрлық төлем инфрақұрылымын дамыту. Оның айтуынша, жаңа жүйе алдағы уақытта цифрлық теңгені енгізуге де негіз болады.

Бірыңғай QR-код ең алдымен тұрғындарға қолайлы әрі ыңғайлы төлем жасау мүмкіндігін береді. Сонымен қатар бұл бөлшек сауданың дамуына серпін береді. Бұған қоса, бұл жүйе цифрлық теңгені енгізуге дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі. Бірыңғай QR әртүрлі банктер арасындағы төлемдерді оңай жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – дейді қаржы кеңесшісі.

Сарапшының айтуынша, қазір әр банктің өз QR-коды болғанымен, жаңа жүйе олардың барлығын ортақ стандартқа біріктіреді. Соның нәтижесінде клиент қай банктің қызметін пайдаланса да, кез келген банктің терминалы арқылы QR-кодпен төлем жасай алады.

Бұрын төлем жасау көбіне белгілі бір банктің экожүйесіне тәуелді болатын. Енді барлық банк бірыңғай инфрақұрылымға қосылады. Бұл төлемдерді әлдеқайда жылдам жүргізуге мүмкіндік береді және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көлемін арттырады, – дейді ол.

Арман Байғанов жаңа жүйеден ең алдымен кәсіпкерлер ұтатынын айтады. Оның сөзінше, бүгінгі таңда кейбір ірі банктердің төлем қабылдау нарығындағы басымдығы кәсіпкерлердің комиссиялық шығындарының өсуіне әсер етіп отыр.

Бірыңғай QR енгізілгеннен кейін кәсіпкерлер бір ғана банкке тәуелді болмайды. Олар өздеріне тиімді шарт ұсынатын банкті таңдай алады. Соның арқасында банктер комиссияларды төмендетуге мәжбүр болады. Нәтижесінде кәсіпкерлердің шығыны азайып, нарықтағы бәсекелестік күшейеді, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, жаңа жүйенің тиімділігін қарапайым тұтынушылар да сезінеді. Банктер енді тек терминал желісінің ауқымымен емес, қызмет көрсету сапасы, кэшбэк бағдарламалары, бөліп төлеу мүмкіндіктері және цифрлық сервистері арқылы бәсекелесуге мәжбүр болады.

Бұдан мемлекет те ұтады. Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі артып, көлеңкелі экономика қысқарады. Бизнестің шығыны азайған сайын олардың табысы өседі, сәйкесінше бюджетке түсетін салық көлемі де ұлғаяды. Ал банктер арасындағы бәсекенің күшеюі комиссиялардың табиғи түрде төмендеуіне алып келеді, – деп түсіндірді Арман Байғанов.

Freedom Bank: Бірыңғай QR төлемдерді ыңғайлы әрі бәсекеге қабілетті етеді

Freedom Bank-тің баспасөз қызметі BAQ.kz сауалына берген жауабында бірыңғай банкаралық QR жүйесін енгізу Қазақстанда әмбебап төлем кеңістігін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

Freedom Bank Бірыңғай банкаралық QR жүйесін қолдайтынын және барлық техникалық талапты орындау бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Жүйе толық іске қосылғаннан кейін клиенттерге жаңа мүмкіндіктер туралы қосымша ақпарат беріледі, – деп мәлімдеді банк.

Банк өкілдерінің айтуынша, жаңа төлем инфрақұрылымы кәсіпкерлер үшін де тиімді болмақ. Алайда оның нақты нәтижесін жүйе толық іске қосылып, тәжірибеде қолданылғаннан кейін ғана бағалауға болады.

Банкаралық инфрақұрылымның дамуы жалпы кәсіпкерлер қауымдастығының мүддесіне сай келеді. Бұл – төлемдерді цифрландырудың заңды жалғасы. Біз бизнеске арналған цифрлық сервистерді дамытуға басымдық береміз және жаңа мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз. Дегенмен кәсіпкерлер үшін нақты әсері жүйе толық жұмыс істей бастағаннан кейін айқын көрінеді, – дейді Freedom Bank.

Баспасөз қызметі қолма-қол ақшасыз төлемдердің көбеюі жалпы нарық үшін оң үрдіс екенін де атап өтті.

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларды кеңейту – соңғы жылдардағы тұрақты үрдіс. Сондықтан төлем ортасының ашықтығын арттыратын кез келген бастаманы оң бағалаймыз. Ал оның макроэкономикалық әсерін бағалау – реттеуші органның құзыреті. Біз өз тарапымыздан цифрлық төлемдерді дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деп жауап берді банк.

Сонымен қатар Freedom Bank қазіргі уақытта QR арқылы төлем жасау кезінде комиссиялардың өзгеретіні туралы айтуға әлі ерте екенін жеткізді. Қызмет көрсету шарттары туралы ақпарат клиенттерге банктің ресми арналары арқылы жарияланады.

Қауіпсіздік мәселесіне тоқталған банк төлемдерді қорғау көпдеңгейлі жүйе арқылы жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Төлем қауіпсіздігі – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Біз операцияларды қорғаудың көпдеңгейлі тәсілін қолданамыз және реттеушінің барлық талаптарын сақтаймыз. Қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін сақтау мақсатында антифрод механизмдерінің техникалық ерекшеліктері жария етілмейді, – деп түсіндірді Freedom Bank.

Банк жаңа жүйеге дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қажетті техникалық жұмыстар белгіленген мерзімдерге сәйкес атқарылып жатыр. Біздің мақсат – клиенттер үшін жаңа жүйеге көшу кезеңін барынша ыңғайлы ету. Жаңа инфрақұрылым аясында ұсынылатын қосымша сервистер туралы кейінірек жеке хабарлаймыз, – деді банк өкілдері.

Freedom Bank ұлттық төлем инфрақұрылымының дамуы жалпы қаржы нарығына оң әсер етеді деп есептейді. Банктің мәліметінше, бірыңғай QR жүйесі банктер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, пайдаланушылар үшін төлем жасауды әлдеқайда ыңғайлы етеді. Дегенмен жүйенің нақты тиімділігі толыққанды жұмыс істегеннен кейін белгілі болады.

Бәсеке енді инфрақұрылым емес, қызмет сапасы арқылы жүреді

Ұлттық банктің бағалауынша, бірыңғай QR енгізілгеннен кейін банктер арасындағы бәсекенің сипаты өзгереді.

Бұған дейін банктер мүмкіндігінше көп сауда орнын өз желісіне қосуға тырысса, енді олардың негізгі бәсекесі клиентке көрсетілетін қызмет сапасына ауысады.

Яғни қаржы ұйымдары:

  • тиімді кэшбэк;
  • қолайлы бөліп төлеу бағдарламалары;
  • төмен комиссия;
  • қауіпсіз төлемдер;
  • жаңа цифрлық өнімдер арқылы клиент тартуға ұмтылады.

Бұл өз кезегінде банк секторындағы бәсекелестікті күшейтіп, тұтынушыларға да, кәсіпкерлерге де тиімді жағдай қалыптастыруы тиіс.

19 шілдеден бастап іске қосылатын бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі Қазақстанның төлем инфрақұрылымындағы ең ірі өзгерістердің бірі болмақ.

Жаңа жүйе арқылы кез келген банк клиенті бір QR-кодпен төлем жасай алады. Бұл кәсіпкерлер үшін төлем қабылдауды жеңілдетсе, тұтынушылар үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды ыңғайлы етеді.

Сарапшылардың пікірінше, жаңашылдық банктер арасындағы бәсекені күшейтіп, комиссиялардың төмендеуіне, көлеңкелі экономиканың қысқаруына және цифрлық теңгені енгізуге негіз болатын ұлттық төлем инфрақұрылымын қалыптастыруға жол ашады.

Наверх