Біртанов денсаулық сақтау саласы қалай жақсаратынын айтты

19 Желтоқсан 2019, 12:34
4362
Бөлісу:
Біртанов денсаулық сақтау саласы қалай жақсаратынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында 2025 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының мақсатты индикаторларын атады.

2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 3 трлн 180 млрд теңге бөлу қарастырылған. Денсаулық сақтау шығындарының үлесі ЖІӨ-нің 5%-ына жеткізіледі. Ол үшін алты жылда денсаулық саласына барлық көздерден жалпы 25,8 трлн теңге жұмсалады. 

Жаңа мемлекеттік бағдарлама инвестициялар үшін тартымды болып отыр. Денсаулық саласындағы жалпы шығындар ішінде инвестициялар көлемі 2,8 трлн теңгені құрайды. Өткен бағдарламалармен салыстырғанда төрт есе көп. Жеке инвестициялар үлесі орташа 70%-ға өседі. Инвестициялардың 43%-ы ірі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларға жұмсалады. Бағдарламаны орындау арқылы бір адамның денсаулығына шаққанда шығындар 279 мың теңгеге жетеді. Денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңарады және келесі төрт мақсатты индикаторға қол жеткізіледі: негізгі созылмалы аурулардан ерте өлім қаупі – 20%-ға, ана өлімі – 17%-ға; нәресте өлімі 19%-ға төмендейді. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетеді, - деді Денсаулық сақтау министрі.
Біртанов сөз соңында мемлекеттік бағдарлама жобасы халықпен, мемлекеттік емес және халықаралық ұйымдармен, барлық мемлекеттік органдармен, Президент әкімшілігімен келісілгенін айтты.
Өзгелердің жаңалығы