“Бірреттік акция”: Оңтүстік Кореяға мұнай тасымалдағаннан Қазақстанға пайда бар ма?

Қазақстан Кореяға 2026 жылдың соңына дейін 18 миллион баррель мұнай жеткізеді.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 12:39
Бүгiн 2026, 12:39
138
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

12 сәуірде Қазақстан мен Сеул мұнай жеткізу бойынша келісім жүргізіп жатқаны белгілі болды. Мұндай шешімді Оңтүстік Корея Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты өзге энергия көздерін іздегендіктен қабылдаған болуы мүмкін. Бұл келісімнің пайдасы кімге тимек? Қазақстан Оңтүстік Кореяға мұнай жеткізгеннен не ұтады? BAQ.KZ тілшісі мұны мұнай-газ нарығындағы сарапшы Олжас Байділдиновтен сұрап, анықтады.

Қазақстанға сапар

Сәуірдің алғашқы аптасында Қазақстанға Корея Республикасы президентінің арнаулы өкілі – президент әкімшілігінің басшысы Кан Хун Шик Астанаға келді.

Reuters мәліметінше, Кан Хун Шик қазақстандық тараппен шикі мұнай мен нафта импортын талқылаған. Бұл мәселе Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдауда кедергі пайда болғандықтан талқыланған.

Сапар нәтижесі

Күні кеше Кан Хун Шик Астанаға сапарының нәтижесін жария етті. Оңтүстік Корея энергия тапшылығын жою үшін Қазақстанмен қоса бірнеше араб елімен мұнай импорттауға келіскен. Осылайша Қазақстан Кореяға 2026 жылдың соңына дейін 18 миллион баррель мұнай жеткізеді. Ал араб елдері, соның ішінде Сауд Арабиясы, Оман және Катар Кореяға жалпы 273 миллион баррель мұнай жеткіземіз деп келіскен.

“Бірреттік акция”

Алайда, мұнай-газ нарығындағы сарапшы Олжас Байділдиновтің сөзінше, бұл келісімнің Қазақстанға да, Кореяға да айтарлықтай пайдасы жоқ. Оның айтуынша, мұны бірреттік акция деп қарастыруға болады. Ал Кореяның бізден сатып алғысы келіп отырған 18 млн баррель – бұл Қазақстандағы шамамен 9 күндік мұнай өндірісіне тең.

Қазақстанда мұнайды Азия бағытына тұрақты әрі үлкен көлемде жеткізетін мүмкіндік пен инфрақұрылым жеткіліксіз. Сондықтан мұнай, ең ықтимал сценарий бойынша, Қара теңіз порттары арқылы жіберіледі. Одан кейін ол не Ресейдің солтүстігі арқылы өтетін Солтүстік теңіз жолымен айналып өтуі мүмкін, бірақ бұл бағыт ұзақ әрі тұрақсыз, кемелер де тұрақты қатынамайды, - дейді сарапшы.

Сол себепті Оңтүстік Кореяға мұнай оңтүстік бағытпен – Еуропаны, Африканы, Үндістанды айналып өтіп, жарты әлемді кесіп барып қана жетеді. Мұндай жол шамамен екі айға созылады. Сарапшының сөзінше, экономикалық тұрғыдан бұл тиімсіз.

Бәлкім, мұнда әңгіме своп-операциялар туралы болуы мүмкін. Яғни, кореялық компания мұнайды Қара теңізде немесе Жерорта теңізінде сатып алып, кейін Азия нарығында басқа компаниямен айырбас жасайды. Мұндай жағдайда Қазақстанға қосымша төлем де болуы мүмкін, –дейді Байділдинов.

Мұнай расында Кореяға жеткізілуі мүмкін

Дегенмен, Олжас Байділдинов қазіргі таңда Парсы шығанағындағы жағдайға байланысты Азия нарығында белгілі бір тұрақсыздық барын айтып, мұнай шын мәнінде физикалық түрде Кореяға жеткізілуі де мүмкін екенін атап өтті.

Бірақ бұл да – бір реттік мәміле, көлемі үлкен емес және айтарлықтай табыс әкелмейді, – дейді ол.

Сарапшы жалпы мұндай келісімге бола арнайы Кореядан келіп құжатқа қол қою немесе Қазақстанға келу қаншалықты қажет екені де түсініксіз дейді.

Себебі Қазақстандағы негізгі мұнай экспортын Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындары қамтамасыз етеді және олар мұнайды өздері сатады. Қалғаны негізінен ірі трейдерлер арқылы өтеді. Ал “ҚазМұнайГаздың” белгілі бір көлемі Румынияға бағытталған, сондықтан бос мұнай көлемі аса көп емес. Оның үстіне қазір Еуропа нарығында да баға тиімді, сондықтан мәселе – сатып алушының қаншалықты жоғары баға төлеуге дайын екенінде, – деп түсіндірді сарапшы.

Жүйелі жоба емес

Жалпы алғанда, бұл – жүйелі экономикалық жоба емес, белгілі бір жағдайға байланысты жасалған символикалық қадам немесе сапар да болуы мүмкін.

Корея компаниялары Қазақстанда мұнай өндірмейді, әрі кореялық тіркеуі бар компаниялар да жоқ. Сондықтан бұл олардың қазіргі дағдарыс жағдайында мұнайды қайдан алуға болатынын іздеуі деп бағаланады. Қорытындылай келе, бұл мәміле нақты жеткізілімнен гөрі СВОП форматына жақын. Өйткені мұнайды жарты әлемді айналдырып жеткізудің экономикалық мәні аз, әрі көлемі де ондай үлкен емес, – деп қорытындылады Олжас Байділдинов.

СВОП жеткізу операциясы деген не?

Айта кетейік, СВОП жеткізу операциясы – компаниялар немесе елдер арасында тауарды алыс қашықтыққа нақты тасымай-ақ, ресурстарды өзара айырбастау деген сөз.

Яғни уақыт пен шығынды үнемдеу үшін “сол жерде айырбас” жасалады.

Мысалы Қазақстан Қара теңізде кореялық компанияға мұнай “сатты” деп есептеледі. Бірақ бұл мұнай шын мәнінде Кореяға жеткізілмейді. Оның орнына кореялық компания дәл сондай көлемдегі мұнайды Азияда басқа жеткізушіден алады.

Ал әлгі жеткізуші өз кезегінде өзіне ыңғайлы жерде дәл сондай көлемдегі мұнайды алады.

Осылайша барлық тарап қажет мұнай көлемін алады, бірақ оны жарты әлемді айналып тасымалдаудың қажеті болмайды.

Еске сала кетейік, Оңтүстік Корея Қазақстаннан 18 млн баррель мұнай сатып алатынын жазған едік.

Сымбат САТЫБАЛДИНА

Наверх