Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бірқатар өңірде жол қозғалысына шектеу енгізіледі

Бүгiн, 21:19
198
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Ауа райының күрт нашарлауына байланысты бүгін, 23 қаңтар сағат 20:00-21:00-ден бастап еліміздің бірнеше өңірінде республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы және Жетісу облыстарында 23 қаңтар сағат 20:00-ден бастап «Алматы – Шелек – Қорғас» автожолының жекелеген бөліктерінде барлық көлік түрлерінің қозғалысы уақытша тоқтатылады. Бұл бағыттағы жолдарды 24 қаңтар сағат 08:00-де ашу жоспарланған.

Солтүстік Қазақстан облысында 23 қаңтар сағат 21:00-де барлық бағыттағы республикалық жолдарда жолаушылар тасымалдайтын рейстік автобустар мен дизель отынымен жүретін көліктердің қозғалысы тоқтатылады.
Жолдарды 24 қаңтар сағат 10:00-де ашу жоспарланған.

Ақмола облысында осы уақыттан бастап Көкшетау, Щучинск, Атбасар, Макинск, Астана айналма жолы мен бірқатар республикалық трассаларда рейстік автобустар мен дизель отынымен жүретін автокөліктердің қозғалысына шектеу қойылады. Аталған шектеу Астана–Петропавл, Астана–Қостанай, Астана–Павлодар бағыттарын да қамтиды. Жолдарды 24 қаңтар сағат 10:00-де ашу көзделіп отыр.

Қостанай облысында да бірнеше республикалық автожолда рейстік автобустар мен дизель көліктеріне шектеу енгізіледі. Атап айтқанда, Қостанай – Әулиекөл – Сұрған, Астана – Қостанай – РФ шекарасы, Жезқазған – Арқалық – Петропавл бағыттарындағы учаскелер жабылады. Жолдардың ашылуы 24 қаңтар сағат 10:00-ге жоспарланған.

Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – РФ шекарасы» автожолының бір бөлігінде қозғалыс шектеледі.

Ақтөбе облысында «Қостанай – Рудный – Денисовка – Комсомольское – Қарабұтақ» автожолының учаскесінде дизель көліктері мен рейстік автобустарға шектеу қойылады.

Жол қызметтері мен төтенше жағдайлар органдары жүргізушілерді ауа райы жақсарғанға дейін алыс жолға шықпауға және ресми ақпаратты қадағалап отыруға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы