Бірнеше елмен ветеринариялық сертификат келісіліп жатыр - АШМ

2 Сәуір 2019, 11:40
2272
Бөлісу:
Бірнеше елмен ветеринариялық сертификат келісіліп жатыр - АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында қай елдермен экспортталатын етке қойылатын ветеринариялық талаптар мен сертификаттар келісілгенін айтты. 

Министр Қазақстанның нодулярлық дерматитке қарсы күрес жөніндегі халықаралық сарапшылардың оң қорытындысын алғанын атап өтті. 

«Ағымдағы жылдың ақпан айында Қытайдың Бас кеден басқармасы Қазақстан Республикасын нодулярлық дерматит бойынша саламатты деп таныды. Аусыл бойынша шектеулер алып тасталды. Ірі қара және ұсақ мал еті бойынша ветеринариялық талаптар келісілді. Ет комбинаттарында инспекция жүргізілді. Қой етін қайта өңдейтін 5 кәсіпорын Қытайға экспорт жасайтын кәсіпорындар тізіміне енгізілді және сиыр етін қайта өңдейтін 4 кәсіпорын енгізіледі деп күтілуде», - деді Омаров.

Министрдің айтуынша, бұл өз кезегінде қазақстандық ет өнімдерінің Қытай нарығына шығуына жол ашты. 

«Халықаралық эпизоотиялық бюрода (ХЭБ) вакцина салынбайтын аймақтағы және вакцина салынатын 5 аймақтағы Қазақстанның аусыл бойынша саламаттылығы, жылқының африкалық обасы бойынша саламаттылығы қайта расталды», - деп айтты ведомство басшысы.

Ол Иранмен Қазақстаннан сиыр етін, ұсақ малдың субөнімдерін, тағамдық жұмыртқаны, союға арналған малды экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар, Сауд Арабиясы Корольдігімен ірі қара, ұсақ малдарды сою және өсіру үшін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификат келісілгенін атап өтті. Ал Бахрейнге сиыр еті мен қой еті экспортталып жатыр. 

«Қазіргі уақытта Қытаймен шошқа еті бойынша ветеринариялық талаптар, Оманмен сиыр еті мен қой етіне, тірі ірі қара малға арналған ветеринариялық сертификат келісіліп жатыр. Биыл жыл басында Қазақстан шошқаның африкалық обасы бойынша саламатты ел мәртебесін алды. ХЭБ-пен Францияда ветеринария мамандарын оқыту бойынша, қазақстандық зертхананың Орталық Азия елдері үшін ұсақ күйіс қайыратын малдың обасы бойынша ХЭБ референттік зертханасы мәртебесін алуы бойынша, бруцеллез және лейкозға қарсы ынтымақтастық жасасу бойынша жұмыс жалғасып жатыр», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Осыған дейін бруцеллезді анықтау енді бүкіл табынға жүргізілетіні туралы айтқанбыз. Жыл басынан бері жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелген

Өзгелердің жаңалығы