Қазақстан халқының бірлігі күні тек тарихи дәстүрлерді ғана емес, бүгінгі қоғамның құндылықтарын да айқындайды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрия Ниязова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, 1 мамыр – жай ғана күнтізбедегі күн емес, қазақстандықтардың өзара түсіністікпен, құрметпен және қолдаумен өмір сүре алатынын көрсететін қоғамдық кемелдіктің белгісі.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – бұл жай ғана күнтізбедегі дата емес. Бұл – еліміздің басты артықшылығы айқын сезілетін күн. Ол – мәдени әралуандықты сақтай отырып, бейбіт өмір сүре білу, бір-біріне құрметпен қарап, өзара қолдау көрсету қабілеті. Абай Құнанбайұлы айтқандай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Бұл сөздер қазіргі Қазақстанның болмысын дәл сипаттайды, – деді депутат.
Ол бүгінде азаматтық бірегейлік ұлтқа, тілге немесе дінге қарамай, ел тағдырына ортақ жауапкершілікті сезіну арқылы қалыптасатынын атап өтті.
Бүгінгі азаматтық бірегейлік – қай ұлттан, қандай тілде сөйлейтініне немесе қай дінді ұстанатынына қарамастан, бәріміздің бір елдің азаматы екенімізді түсіну және оның болашағына ортақ жауапкершілікпен қарау. Қазақстан халқының бірлігі күні бізге тағы бір маңызды шындықты еске салады: мемлекеттің қуаты тек экономикамен немесе ресурстармен өлшенбейді, ең бастысы – қоғамдағы татулықты сақтай білу, – деді сенатор.
Ниязова қазіргі реформалар жағдайында бірлік ұғымы жаңа мазмұнға ие болып жатқанын, оның ішінде азаматтардың мемлекет басқаруына қатысуы маңызды екенін айтты.
Бүгінде бірлік идеясы саяси реформалар мен жаңа Халық Конституциясы жобасы арқылы жаңаша сипат алып отыр. Оның мәні – азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын күшейту, билік институттарының жауапкершілігін арттыру және қоғамның рөлін көтеру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Халық кеңесі халықпен ашық диалог жүргізетін алаңға айналады, – деп атап өтті ол.
Сенатордың айтуынша, заң үстемдігі, ұлтаралық келісім және білім мен мәдениетті дамыту мәселелері де ерекше назарда.
Тұрақты болашақ әділетсіз мүмкін емес. Сондықтан заң үстемдігі – мықты мемлекеттің негізі. Заң баршаға бірдей болуы керек – қызметіне, мәртебесіне немесе шыққан тегіне қарамастан. Ұлтаралық келісім мен білім және мәдениетті дамыту – тұрақтылықтың негізгі тіректері, – деді депутат.
Сөз соңында Нұрия Ниязова бірліктің бастауы отбасы мен тәрбиеге байланысты екенін айтты.
Әйел ретінде мен үшін бірлік ең алдымен отбасынан басталады: үлкенге құрмет, бала тәрбиесі, бір-бірін тыңдай білу. Бала басқа мәдениеттерге, тілдерге, дәстүрлерге құрметпен қарайтын ортада өссе, ол ертең нағыз Қазақстан азаматы болып қалыптасады, – деп түйіндеді сенатор.
Осылайша, сенатордың бағалауынша, Қазақстан халқының бірлігі күні – тек ынтымақтың символы ғана емес, заңға, азаматтық белсенділікке және өзара құрметке негізделген ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды мереке.