Жамбыл облысы, BAQ.KZ. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәлидің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Берік Уәли 2018 жылы атқарылған жұмыстары мен 2019 жылға алда тұрған міндеттер туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
2018 жылы Басқарма тарапынан жоспарланған іс-шаралар мен көзделген мақсатты индикаторлар орындалды. Өткен жылы басқарманың ұйымдастыруымен 52 іс-шара өткізілді. Олар ұлттық және мемлекеттік мерекелер, Елордамыз-Астана қаласының 20 жылдығы, сонымен бірге, республикаға танымал журналистер, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, блогерлер, қоғам өкілдерінің қатысуымен әртүрлі шаралар ұйымдастырылды. Өткен жылы қоғамдық–саяси ахуалдың тұрақтылығы сақталып, этносаралық және дінаралық шиеленістер орын алуына жол берілген жоқ.
Басқарманың негізгі жұмыстарының бірі – Мемлекет басшысының Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру болып табылады. Осы бағытта құрамында 89 мүшесі бар облыстық 11 ақпараттық топ құрылған. Қазіргі таңда топ құрамына жоғары оқу орындарының профессорлары, сарапшылар, сонымен бірге, «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру үшін банк қызметкерлері енгізілді. Ақпараттық жұмыс ақпан айынан бастап бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.
Бүгінде облыста 63 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша өткен жылы елімізде Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласы алғашқылардың бірі болып аналогты хабар тарату жүйесі толығымен өшіріліп, облыс тұрғындарының 100% цифрлық эфирлік хабар тарату жүйесіне көшірілді. Бұл ретте, облыстағы атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіліп, 2400 отбасыға жергілікті бюджет есебінен 13 528,0 мың тг. бөлініп, цифрлы жалғамалар /приставкалар/ алып берілді.
Өткен жылы облыс әкімдігі басқармаларының басшылары мен аудан әкімдері өздерінің қызметі туралы облыс әкімі бекіткен графикке сәйкес «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында брифинг беріп, сол күні «Жамбыл» телеарнасының «Бірінші студия» бағдарламасында тікелей эфирде баяндады. Сәйкесінше, бұл жұмыс жүйеге қойылып ретке келтірілді. Бұл тәжірибе биылғы жылыда жүзеге асады.
Жалпы 2018 жылы Өңірлік коммуникциялар алаңында 165 брифинг өткізіп, республика бойынша 4 орынды алдық.
Өткен жылы облыс бойынша әкімдіктер мен басқармалардың баспасөз хатшыларына арнайы 3 оқыту семинары өткізіліп, барлық мекемелердің әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары қайта жаңартылып, белсенді жұмыс жүргізуде. Әр мекеме жұмысының ашықтығы қамтамасыз етіліп, қоғам белсенділері көтерген мәселелер уақытылы назарға ілінуде.
Бүгінде, әлеуметтік желілер бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ресми парақшаларында жалпы 4634 пост жарияланып, 313 486 адам қамтылды.
Ішкі саясат саласында азаматтық қоғам институттарымен тығыз қарым-қатынас орнату ерекше маңызға ие. Өңірде 87 этнос өкілдері тұрады, 26 облыстық, 1 қалалық және 47 аудандық этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. 854 үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) тіркелген. Олардың 60,0%-ы облыс орталығында, 40,0%-ы аудандарда шоғырланған. ҮЕҰ-дың 200-ден астамы белсенді жұмыс атқаруда. 6 саяси партияның филиалдары жұмыс атқарады. 2018 жылы облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 49 бюджеттік бағдарламалар әкімшісі қаржы қарастырған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа (МӘТ) жоспарланған қаржы сомасы – 814,8 млн тг., жоспарланған жобалар саны – 240 құрады (2017ж. – 706,6 млн). Жоспарланған МӘТ көлемінің 70,0%-ы (590,0 млн тг.) жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімдер тарапынан бөлінген.
Басқарманың ендігі кезектегі негізгі жұмысы - 1 қарашада бекітілген жаңа Елтаңбаны ауыстыруға бағытталатын болады. Жергілікті атқарушы органдар мен білім беру мекемелері 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін, аумақтық департаменттер мен басқармалары 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ауыстыру тапсырылды. 2019 жылға Жергілікті атқарушы органдар тарапынан 140,7 млн тг. қаралған.
Биылғы жылы Жамбыл облысының 80, Т.Рысқұловтың 125, облыстық «Знамя труда» газетінің 100, облыстық «Jambyl» телеарнасының 30 жылдығы және «Бірлік түбі – береке» қоғамдық форумын ұйымдастыру жоспарда тұр.