Бірінші сыныпқа қабылдау үшін 285 мыңнан астам өтініш түсті – БҒМ

12 Шілде 2021, 17:53
2506
Бөлісу:
Бірінші сыныпқа қабылдау үшін 285 мыңнан астам өтініш түсті – БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда бірінші сыныпқа қабылдау үшін 285 мыңнан астам өтініш түсті. Құжаттарды қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.

Бұл мерзім болашақ оқушылардың ата-аналары мектепті алдын ала анықтап, қажет құжаттарды уақытылы тапсырып, оқу құралдарымен қамтамасыз етуі үшін берілді. Ал мектеп әкімшілігі сыныптарды алдын ала жинақтау, оқулықтардың қажетті көлемін сатып алу, мұғалімдер арасында сағаттарды бөлу және сыныптар санына байланысты педагогтер құрамын анықтау бойынша жұмыстарды атқаратын болады.

Енді құжаттарды қабылдау 4 айға созылады, бұл ата-аналарға да, мектеп әкімшіліктеріне де оқу процесіне дайындықты алдын ала ойластыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 10 тамыздан кейін мектептерде дайындық тобы жұмысын бастайды, оған ата-аналардың қалауы бойынша мектепке дейінгі мекемелерге бармаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балалар бара алады, – деп атап өтті БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

Өтініштерді қабылдау Еgov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық форматта жүргізіледі. Мектепке қабылдау үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет: баланың денсаулық жағдайы туралы құжаттар (баланың денсаулық паспорты №026/у-3, №063/у нысаны бойынша медициналық анықтама); көлемі 3х4 см баланың цифрлық фотосуреті. Өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады.

 «Қызыл» аймаққа енген өңірлерде тұратын ата-аналар медициналық анықтамаларды оқу жылының басталуына дейін ала алады. Ведомствоның болжамы бойынша осы оқу жылында бірінші сыныпқа 380 мыңнан астам оқушы барады.


Өзгелердің жаңалығы