«Birgemiz: Úmit» жобасына 2 мыңға жуық волонтер тартылады

13 Мамыр 2022, 12:37
1763
Бөлісу:
«Birgemiz: Úmit» жобасына 2 мыңға жуық волонтер тартылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда еріктілердің іздестіру іс-шараларына қатысуын кеңейтуге және халықты төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған «Вirgemiz: Úmit» жалпыұлттық жобасы іске асырыла бастады. 

Әлеуметтік жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Жобаның басты мақсаты – жоғалған адамдарды іздеу, тұрғындар мен аумақтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және іске асыруға еріктілерді тарту.

Жобаны іске асыру барысында жоғалған адамдарды іздеу жөніндегі іс-шараларға волонтерлерді тарту үшін біз конкурстық негізде кемінде 30 шағын грантты ұсынамыз. Волонтерлерді неғұрлым көп дайындап, оқытсақ, жобаны іске асыру соғұрлым тиімді болады. Ең табысты командалардың тәжірибесі 10 кейс жинағына кіреді, - деді «Қызылорда еріктілері» ҚҚ атқарушы директоры Ольга Чебакова.

Қоғам белсенділері қазақстандықтардың іздестіру, халықты төтенше жағдайлардан қорғау шараларына қатысуын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Жобаға кемінде 2 мың қазақстандық тартылмақ. Олардың 50-і – күміс волонтер қатарынан болуы тиіс.

Биыл еріктілер кинологиялық қызметтермен ынтымақтастықта белсенді жұмыс жүргізуге ниетті. Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, қызметтік иттер құтқарушыларға төтенше жағдайларда адамдарды іздеуде және құтқаруда үлкен көмек көрсетеді.

Сонымен қатар, жобаны іске асыру және іске асырылған шағын гранттардың тиімділігі туралы ұсынымдар жиналған талдамалық баяндама дайындалады деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы