#Birgemiz. Өзіміздің ғана емес, жанымыздағы жандардың да өмірі бізге аманат - Тоғжанов

2 Сәуір 2020, 23:37
2303
Бөлісу:
#Birgemiz. Өзіміздің ғана емес, жанымыздағы жандардың да өмірі бізге аманат - Тоғжанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы үндеуіне қатысты өз ойымен бөлісті.

 

Ең алдымен, коронавирустық инфекциядан қайтыс болған қазақстандықтардың отбасы мен туған- туыстарына көңіл айтамын! Бұл бүкіл Қазақстан үшін ауыр қайғы! Осы қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысы өзінің негізгі міндеті – коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының құлдырауынан туындаған дағдарыс салдарынан қиын жағдайға тап болған әрбір азаматқа барынша қолдау көрсету деп санайды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық телеарналардың эфирінен коронавирус пандемиясы кезеңінде қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекеттің қосымша қабылдап жатқан әлеуметтік-экономикалық шаралары туралы мәлімдеме жасады - дейді ол.

 

Оның айтуы бойынша Үкімет отырысында мынадай шаралар қабылданған.

 

 Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмалары қаралып, келесі шаралар қабылданады. Ең алдымен, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындарды қоса есептегенде 4 миллион азаматқа сәуір айынан бастап зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы мөлшері былтырғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға артады; Осы қиын кезеңде, төтенше жағдайға байланысты төлем ақысыз демалысқа кеткен жұмысшылар және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 3 миллионға жуық қазақстандықтар ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінде - яғни 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алады. Бұл көмекті алу жолы жеңілдетілген – әр азамат өзінің аты-жөнін, ЖБН (ИИН) және банк шотының нөмірін электрондық өтінішіне дұрыс жазса болды. Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам өтініш түсіп, 1,8 мыңнан астам азамат жәрдемақы ала бастады. Азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары мүгедектер, мүгедек балалар және ресми тіркелген жұмыссыздармен кеңейді; Сақтандырылмаған азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы медициналық көмек алу құқығы 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартылды; Коронавирус індетімен күндіз-түні күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне мемлекет қосымша қаржылай қолдау көрсетуде. Бұл 26 мыңнан астам дәрігерлер, медбикелер, санитарлар; Қазақстандықтарды, атап айтқанда, жастарды жұмыспен қамту мәселесі қолға алынды - деді премьер-министрдің орынбасары.

 

Сонымен қатар ол Президенттің тапсырмасымен Қазақстанда "Жұмыспен қамтудың жол картасының" жаңа бағдарламасы қабылданғанын атап өтті.

 

240 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Осы бағытта кезендік құрылыс және жөндеу жұмыстары мен қатар тұрақты жұмыс орындарын құру да қолға алынды. Бұл үшін 7 мыңға жуық жоба іске асырылады. Жұмысқа шығуға дайын азаматтарға жұмыс орнына келген кезде бірден 2 ең төменгі жалақы мөлшерінде немесе 85 000 теңге көлемінде "көтерме ақы" беріледі; Жергілікті жерлерде кадрларды іріктеу орындары ашылады. Сол жерлерде әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, коронавирусқа жедел тестілеу жасалады және жұмысшыларды жаңа жұмыс орындарына апарып-алып келу ұйымдастырылады - дейді Ералы Тоғжанов.

 

Ол өз жазбасында коронавируспен күрестің алғы шебінде жүрген азаматтарға алғыс айтты.

Бүгінгі таңда бүкіл әлем көзге көрінбейтін жаңа жау - COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күресуде. Жеке өз атымнан, пандемиямен күрестің "алғы шебінде" жүрген медицина, полиция, шекара, қорғаныс жүйелерінің қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Құрметті отандастар, біз "бірін-бірі батыр" деген елдің ұрпағымыз. Дәл қазір жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге тірек, қолдау болайық. Сіздерді үйде отыруға шақырамын. Қазақта АМАНАТ деген терең ұғым бар. Құрметті, Қазақстан азаматтары – біздің өз жанымыз ғана емес, жанымыздағы адамдардың да ӨМІРІ БІЗГЕ АМАНАТ. Сақтық шараларын өзіңіз және жақындарыңыз үшін орындау керек екенін есте сақтаңыздар - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы