Бірегей палеонтологиялық ескерткіш. «Қаз қонақ» кімге керек?

28 Маусым 2024, 13:20
368
Бөлісу:
Бірегей палеонтологиялық ескерткіш. «Қаз қонақ» кімге керек?
Фото: Павлодар география Үйі

Павлодар облысында әлемдік маңызы бар «Қаз қонақ» атты палеонтологиялық ескерткіш бар. Ертіс өзенінің жағасында орналасқан табиғи ескерткіш бұзылудың шақ алдында тұр. Себебі, жыл сайын көктемгі су тасқыны ескерткіш шайылып, көне жануарлардың сүйектері сыртқа шыға береді. Оған қоса, бұл байлықтың барлығы аяқ астында жатыр. Аймақта мүйізтұмсық, гиппарион, керік, бөкен, бұғы, жолбарыс сияқты миллиондаған жыл бұрын тіршілік еткен жануарлардың сүйегі табылған орынды сақтауды көздеген бастамашыл топ құрылды. Олардың қатарында тарихшылар, экологтар, сәулетшілер мен қоғам белсенділері бар. BAQ.KZ агенттігінің тілшісі өңірдің өткені мен болашағына бейжай қарамаған сарапшылардың пікірін тыңдап, алғашқы отырысқа қатысты.

«Қаз қонақ» ескерткіші облыс орталығындағы теміржол көпірінен 500 метрлік жерде орналасқан. Тарихи нысан неогенді жануарлардың сүйектері табылған әлемдегі ірі ескерткіштердің қатарына енгізілген. Миллиондаған жыл бұрын Ертіс өңірінің климаты қазіргідей емес, бүгінгі Африка құрлығының ауа райындай болған. Ал Павлодар қаласының аумағында керік, гиппарион, мүйізтұмсық сияқты жануарлар жайылып жүргеніне сену қиын. Алайда, археологияның өз дәлелі бар. 1928 жылы мәскеулік пелантолог Ю. Орлов қазба жұмыстарын жүргізіп, ежелгі сүтқоректілердің мыңдаған сүйегін тапты. Нақтырақ айтқанда, 20 бұғы, 40 керік, 130 мүйізтұмсық пен 200 гиппарионның қаңқасы табылды. Тарихта осындай олжаның 16 тоннасы пойызбен Мәскеуге әкетілгені туралы ақпарат та бар. 1971 жылы «Қаз қонақ» орнына табиғи ескерткіш мәртебесі беріліп, мемлекеттің қорғауына алынды. Отандық және әлемдік ғылыми қауымдастық тарапынан Ертістің жағасын бойлаған ескерткішке деген қызығушылық бір сәтке де бәсеңсімеген. Қазіргі уақытта павлодарлық палеонтология ескерткішінің жәдігерлері аймақтың ірі музейлерінің төрінен орын алған.

«Қаз қонақтың» болашағы және туризмнің дамуы» атты ғылыми-зерттеу консилиумы жергілікті экологтар, қоғам белсенділері мен тарихшыларының басын қосты. Сарапшылардың қатарында еліміздің құрметті сәулетшісі, Павлодар облысында көп жыл бойы бас сәулетші болған Нұрлан Қақамбетов бар. Маман палеонтологиялық ескерткіштің келешегіне қатысты өз пікірін білдірді.

Қаланың бас сәулетшісі ретінде тарихи мұраға қатысты мәселерді шешуге атсалысқым келеді. Қазіргі мақсатымыз – «Қаз қонақты» сақтау, қорғау. Жедел әрекет ету керекпіз. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары әлі есімде. Сол сәтте халықаралық ЮНЕСКО ұйымы біздің ескерткішке қызығушылық танытып, құпияға толы Ертіс жағалауы туралы мәліметтерді сұраған еді. Қызығушылық әлі де бар. Әсересе, жаратылыстану ғылымы бағытындағы мамандар қосымша зерттеу жүргізу, ескерткішті сақтау шаралары туралы ойларымен бөлісіп жатыр. Бүгінде палеонтологиялық ескерткіш техногендік және урбанизациялық факторлардың әсерінен зардап шегіп жатыр. Кезінде мыңдаған көне жануардың сүйегі табылған аумақ сумен шайылуда. Жағалауды бекіту шараларын жедел бастау керек. Әйтпесе, ескерткішімізді жоғалтып алуымыз әбден мүмкін, - дейді сарапшы.

Мамандардың айтуынша, бұл – бір күннің және бір адамның жұмысы емес. Ортақ мәселені шешумен әр саланың мамандары айналысуы керек. Бұған дейін ғылыми мекеме өкілдері кездесіп, шешу жолдарын қарастырған. Сарапшылық кеңес мүшелері алдымен ғылыми негіздеме жасап, ескерткішке зиян келтірмей, тиісті шараны қолға алу керек деген пікірде.

Бүгінгі таңда ескерткіш аумағы абаттандырылып, қала қонақтары үшін туристік орынға айналған. Алайда, тұрғындардың көбі аяқ астындағы топырақтың ішінен миллион жыл бойы жатқан жануарлардың сүйектердің қазылып алынғанын біле бермейді. «Қаз қонақтың» тарихи және туристік әлеуетін арттыру да күн тәртібінен түспегендей.

Қолданыстағы заңнамада «жоғалту» деген ұғым бар. Ескерткішті сақтай алмасақ, қайтаруға мүмкіндік болмайды. Со себепті «Қаз қонақтың» төлқұжатын реттеп, ғылыми негіздеме жасау керек. Ескерткіш аумағының бір бөлігі шайылып кетті. Осыны ескере отырып, жаңа құжат әзірленуі тиіс. 2012 жылы тірек құжат жасалған, бірақ, оны өзектендіру керек. Өңір климатының өз ерекшелігі бар. Мәселен, қатты жел соғып, температуралық режим жиі өзгереді. Бұл табиғи өзгерістер топырақтың бұзылуына әкеп соқтырады. Геолог мамандардың айтуынша, бұл ескерткіш үшін қауіпті. Менің ойымша, оның аумағына кіруді шектеу керек. Ол үшін, әрине, ағартушылық жұмыстарды қолға алған абзал. Себебі, ескерткіш ғылыми маңызға ие. Ол тек ғылыми алаңға айналуы керек. Ескерктіштің аумағында түрлі құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қоқыс жиналғанын көрдім. Небары үш гектарға толар-толмас аумақты жауып, қоршау керек, - дейді Нұрлан Қақамбетов.

Бүгінде ескерткіштің аумағы 2,9 гектар болса, ұзындығы 400 метрлік учаске бұзылып қалудың алдында тұр. Оны қорғау үшін сәулеттік шешім бар. Сарапшылардың пікірінше, өзен бойына тірек қоршау орнату, яғни, ескерктіштің төменгі бөлігіне түсуге шектеу қою.

Ә. Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, мәдениеттану ғылымдарының кандидаты Валентина Алиясованың айтуынша, зерттеу материалы соңғы рет 2016 жылы жарияланған.

Ескерткіш кімге керек? Бұл - бірінші кезекте аймағымыздың брендіне айналған орын. Себебі, өткен ғасырдың соңында бұл жерден 70-тен астам ежелгі жануардың сүйегі қазылып алынған. Әлемде дәл осындай ескерткіш жоқ. Осы уақытқа дейін ескерткіщті жабу туралы ұсыныс айталған. Десе де, консервация туралы идея қолдау таппады. Сегіз жыл бұрын жазылған ғылыми еңбекте ғалымдар қауымы палеонтологиялық аң-құстардың жаңа түрлері туралы айтылған. Біз өз тарапымыздан алматылық ғалымдарды шақырып едік. Олардың айтуынша, ескерткіштің ғылыми құндылығы әлі де өзекті. Бірақ, ескерткішті қорғап қалуымыз керек. Туристік әлеуетін ескерткішке зиян келтірмей-ақ, арттыруға болады. Ал осындай шара қолдану үшін ғылыми дәлелдер керек. Сонда ғана халық түсіністік танытады, - дейді Валентина Алиясова.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Олег Николашиннің айтуынша, «Қаз қонақ» пен Павлодар егіз ұғымға айналуы тиіс.

«Қаз қонақ» қана емес, Ертістің жағалауы туристер үшін қызықты болуы тиіс. Дегенмен, ескерткішке нұқсан келтеуі шарт. Ол үшін халықаралық тәжірибеге сүйеніп, әлемдік стандартарға жүгіну керек. Бір сөзбен айтқанда, ғылыми қауымдастық, тұрғындар мен туристер қоян-қолтық жұмыс істеу керек, - дейді Олег Николашин.

Сараршылық кеңес модераторы Александр Вервекиннің айтуынша, қазіргі уақытта «Қаз қонақ» археологиялық нысан ғана емес, туристік маңызға ие көрікті жер.

Оның маңыздылығын сақтау үшін қоғам белсенділерінің жұмысы жеткіліксіз. Ол үшін жергілікті биліктің де көмегі қажет. Біз мәселені шешуге қала билігі бейжай қарамайды деген ойдамыз, - дейді Александр Вервекин.

Сарапшылық кеңес мүшелерінің пікірлері мен ұсыныстары жауапты мемлекеттік органдарға жолданатын болады. Кейін тиісті шешім қабылданады.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын бірегей ескерткішті сақтаудың маңыздылығы туралы айтқан болатын. Осы тектес нысандар қаланың мәдени орталығына айналуы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы