Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары бірегей экологиялық жобаны қолға алды.
Қыздар университетінің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған шара университеттің танымал түлектері мен ұжымының қатысуымен жүзеге апақ.
«Жоба барысында оңтүстік астанадағы ауа бассейні ластану деңгейі жоғары аймақтарда арша, емен, үйеңкі, акация, бозарша және сирен ағаштарының көшеттері отырғызылады. Бұл өскіндер университеттің Жаратылыстану факультетінің базасындағы арнайы зертханада ең арзан әдістеме арқылы өсіріліп, күтіп-бапталған», – дейді оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.
Бұған дейін Алматы қаласындағы Медеу шатқалында 1000-нан астам ағаш отырғызылған болатын. Енді аталған шара қаланың өзге де аймақтарында жүзеге асырылмақ. Бірегей жоба болашақта еліміздің аумағында болуы мүмкін қуаңшылық, аптап ыстық пен табиғи апаттардың алдын алуға септеседі және жастарды экологиялық патриотизмге тәрбиелейді.