Бір жылда жасалатын операция қазір 8 күнде аяқталады: Әлемдік кардиологтар Алматыда бас қосты

Конференция барысында сарапшылар интервенциялық кардиология саласындағы заманауи әдістерді, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеудегі жаңа технологияларды және күрделі клиникалық жағдайларды талқылайды.

29 Тамыз 2026, 10:40
АВТОР
 ©️ BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина 29 Тамыз 2026, 10:40
29 Тамыз 2026, 10:40
124
Фото: ©️ BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Алматыда Интервенциялық кардиологтар мен эндоваскулярлық хирургтар қоғамының XIV конференциясы өтіп жатыр. Екі күнге созылатын халықаралық жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Швейцария, Үндістан және басқа да елдердің жетекші мамандары қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Конференция барысында сарапшылар интервенциялық кардиология саласындағы заманауи әдістерді, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеудегі жаңа технологияларды және күрделі клиникалық жағдайларды талқылайды. Бағдарлама аясында стенттеу технологиялары, жүрек қақпақшалары ауруларын емдеу, аорта мен қан тамырларына жасалатын араласулар, нейроинтервенциялар және интервенциялық онкология мәселелері қарастырылады.

BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Ұйымдастырушылардың айтуынша, интервенциялық кардиология қазіргі медицинаның ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі саналады. Әртүрлі елдердің мамандары арасында тәжірибе алмасу озық технологияларды жылдам енгізуге, күрделі науқастарды емдеу тәсілдерін жетілдіруге және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мамандар конференция барысында Алматының кардиологиялық орталығында жүргізілетін оталарды тікелей эфир арқылы бақылайды. Оны шараға қатысатын 200-ден аса адам көретін болады. 

Соның ішінде біріншісі - митраклип қою отасы. Ол жүректің ақауы бар науқастарда кеудені ашпай, тамыр арқылы барып, қақпақшаның жұмысын қалпына келтіру. Екінші ота - аорта қақпақшасының тарылуы кезінде оны кеңейтіп, қақпақша қою. Ол да тамыр арқылы барып жасалады. Бұрын мұндай операциялар тек ашық отамен, наркоз арқылы жасалатын. Қазіргі кезде тамыр арқылы барып, науқас есін біліп жатады. Содан кейін өзіне келуі жеңіл болады. Науқас 1-2 күннің ішінде ауруханадан шығады, - дейді Алматы қалалық кардиологиялық орталығының рентген хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Оразбек Сахов. 

Оразбек Сахов. Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Алматы кардиологиялық орталығының директоры Ермағанбет Қуатбаев бұл конференцияның сала үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде интервенциялық кардиологиядағы операциялар көлемі бірнеше есе өскен.

Мысалы, 2007 жылы бір жылға жоспарланған араласулар көлемі қазіргі уақытта небәрі 8 күннің ішінде орындалады. Бұл саланың қаншалықты ауқымды дамығанын көрсетеді. Бұрын интервенциялық араласулар саны ашық жүрек операцияларынан аз болса, бүгінде олардың көлемі бірнеше есе асып түсті, – деді Қуатбаев.

Ермағанбет Қуатбаев. Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Маманның сөзінше, қазіргі таңда эндоваскулярлық технологиялар туа біткен жүрек ақауларын емдеуге, жүрек қақпақшаларының жұмысын жақсартуға, қан айналымын қалпына келтіруге және көптеген күрделі патологияларды емдеуге мүмкіндік береді.

Қазір гибридті операциялар кеңінен қолданылып жатыр. Бұрын тек ашық әдіспен жасалған көптеген операциялардың бір бөлігі эндоваскулярлық тәсілмен орындалады. Мысалы, қолқа қабырғасының ажырауы кезінде операцияның бір бөлігін кардиохирургтар ашық әдіспен жасаса, негізгі бөлігі эндоваскулярлық технологиялардың көмегімен жүргізіледі, – деп түсіндірді ол.

Мамандардың пікірінше, мұндай халықаралық конференциялар жаңа технологияларды енгізуді жеделдетіп, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді азайтуға және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Наверх