Бір жылда Астана тұрғындарының тісін емдеуге қанша ақша кетті?

1 Наурыз 2023, 11:36
570
Бөлісу:
Бір жылда Астана тұрғындарының тісін емдеуге қанша ақша кетті?
Фото: BAQ.KZ

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

2022 жылы Астана қаласы бойынша МӘМС жүйесінде 3,1 млрд теңге сомасына 1 млн-нан аса стоматологиялық қызмет көмегі көрсетілді. Биыл стоматология бойынша 797 637 қызметке 2,1 млрд теңге жұмсау жоспарланған. Астана қаласы бойынша 66 медициналық ұйым стоматологиялық қызмет көрсетеді, оның 15-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік емханалар. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарт жасай бастады. Бұрын стоматологиялық қызмет көрсету туралы келісімшарт емханалар арқылы жасалатын. Дәлірек айтқанда, биылға дейін стоматологиялық клиникалар емханалармен субмердігерлік келісімшарт арқылы жұмыс істейтін. Яғни, өткен жылдары халыққа қанша стоматологиялық қызмет көрсетілгенін емханалар қарады, - деп атап өтті елордалық филиал басшысы. 

Айтуынша, емханалар арқылы көрсетілетін қызметтің көптігінен бұл процесті бақылау қиындық тудырып келген.

Салдарынан стоматологиялық клиникалар тарапынан көрсетілмеген қызметтерді «көрсетті» деп жалған жазу фактілері де кездесті. Сондықтан қор аталған олқылықтардың алдын алып, қызмет көлемі мен сапасын бақылау мақсатында осындай шараны қолға алды. Еске сала кетейік, жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Ал шұғыл стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалық шақтан мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларды күтушілерге, көп балалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға көрсетіледі. Пациенттерге стоматологиялық клиника көмегіне жүгіну үшін емханадан жолдама алудың қажеті жоқ. Алдымен қормен жұмыс істейтін тіс емдеу клиникаларын анықтап-біліп алу қажет. Олардың тізімімен Медициналық сақтандыру қорының  fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады. Медсақтандыру қорымен келісімшарт арқылы жұмыс істей ме, істемей ме, стомклиниканың өзінен сұрап алуға да болады, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров. 

Өзгелердің жаңалығы