«Bir tolqynda»: Жастар күніне орай елордада ауқымды жарыс өтеді

10 Тамыз 2023, 12:49
908
Бөлісу:
«Bir tolqynda»: Жастар күніне орай елордада ауқымды жарыс өтеді
PHOTO
Фото: автордан

Елордада Халықаралық жастар күні қарсаңында алғаш рет ауқымды «Bir tolqynda» заманауи би байқауы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Би байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 5-35 жас аралығындағы кез келген азамат қатыса алады.

Өтінімдерді қабылдау 10 тамызға дейін жалғасады. Іс-шараны AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырып жатыр.

«Bir tolqynda»: Жастар күніне орай елордада ауқымды жарыс өтеді

«Жастар рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаев іс-шараның негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.

Оның сөзінше, өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын ұстануды, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды насихаттау, жастардың бос уақытын пайдалы өткізуге ұмтылу және оларды спортқа баулу үшін қолайлы жағдай жасау жастар қанатының негізгі міндеті саналады.

Осынау қызықты да серпінді чемпионат «Есірткіге жол жоқ!» жобасының қағидаттары мен құндылықтарын насихаттай отырып, есірткіге қарсы күрес кезіндегі басты оқиғаның біріне айналады. Біз қоғам назарын есірткінің таралуы мәселесіне аударып, отандастарымызды жастарға барынша қолдау көрсетуге шақырамыз. Бидің қуаты мен энергиясы жастарды жат әдеттен аулақ болуға үндейді. Бұл сайыс – тек бәсеке ғана емес, есірткіге қарсы күрестің қарымды қадамы. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады, - деп айтты ол.

«Bir tolqynda»: Жастар күніне орай елордада ауқымды жарыс өтеді

Бүгінгі күні чемпионатқа қатысуға 150-ден астам өтінім келіп түсті. Қатысушылардың арасында қазақстандық бишілерден бөлек, ресейлік, өзбекстан мен қырғызстандық бишілер де бар.

Байқауда жеңімпаздар 6 номинация бойынша анықталады.

1. Hip-Hop 3x3
2. Hip-Hop new players 1x1
3. Krump 1x1
4. Breaking 2x2
5. Breaking & House 2x2
6. All styles 2b4

Соңғы кезең жеңімпазы Алматы қаласында өтетін Red Bull dance Your Style ұлттық финалына іріктеу кезеңіне жолдама алады. Сонымен қатар жеңімпаздарға 30 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін қаржылай сыйлық беріледі.

«Bir tolqynda»: Жастар күніне орай елордада ауқымды жарыс өтеді

Спорттық би федерациялары қауымдастығының төрағасы Бауыржан Сейфуллин бұған дейін де осыған ұқсас чемпионаттар ұйымдастырғанын айтты.

Халықаралық жастар күніне орай мұндай іс-шара алғаш рет осындай форматта ұйымдастырылып отыр. Елордалықтар мен қала тұрғындары билей алмаса да жарысты көруге келе алады. Себебі өте қызықты болады. Көрермендер үшін жарыс аймағында түрлі зоналар ашылады. Онда қонақтар асық ойнап, садақ ата алады. Сонымен бірге киіз үй тігіледі, - деп айтты биші.

Онлайн тіркелу https://jastarruhy.kz сайтында 2023 жылы 10 тамызда сағат 20:00-де аяқталады. Чемпионат Астана қаласындағы Триатлон саябағында биыл 11 тамызда сағат 10:00-21:00 аралығында өтеді.

Үздік бишілерді қазылар алқасының мүшелері таңдайды. Олардың арасында брейкингтен түрлі чемпионаттардың финалисті B.Boy Yera, Орталық Азия аумағындағы көптеген фестивальдердің жеңімпазы Алик, Бельгиядан келген әлемдік деңгейдегі үздік биші CHARMANT және «Танцы» телеарна шоуының хореографы Anton Pashulia aka Slam бар.

Өзгелердің жаңалығы