Бір құбырға тәуелді болып қалдық – сарапшы

13 Шілде 2022, 19:08
2063
Бөлісу:
Бір құбырға тәуелді болып қалдық – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ертең үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент мұнайды шетелге шығарудың баламалы жолын табу мәселесін көтереді деп ойлаймын. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл тілдесу барысында айтты.

Тарихшы үкіметтің ертеңгі кеңейтілген отырысында бірнеше тарихи шешімдер қабылданып, маңызды тапсырмалар алға қойылады деген ойда.

Үкіметтің кеңейтілген отырысы жоспарлы түрде өтіп жатыр. Онда соңғы жарты жылда президенттің тапсырмалары қалай орындалғаны  талқыланады. Негізінен екі мәселе көтеріледі деп ойлаймын. Біріншісі, президенттің халыққа берген уәделері қалай орындалып жатқаны. Референдум өткізгендегі саяси өзгерістер қалай іске асып жатыр, оның барлығын халық күтіп отыр, -деді сарапшы.

Сонымен қатар ол қазіргі геосаяси, экономикалық мәселелер де ертеңгі жиынның басты тақырыбы болады деген ойда. Өйткені Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты салынған санациялар біздің эконмикамызға тікелей әсер етіп жатақанын алға тартты.

Бюджетті толықтырудың барлығы мұнайды сатумен байланысты. Сондықтан экономиканы тұрақтандыру үшін қандай шара қолдану қажет екені көтеріледі деп ойлаймын. Қазір кейбір тауарлар тапшы, мысалы қанттың өзі жеткіліксіз. Бұл мәселеде күн тәртібінде тұрғандықтан ертең үкімет алдына үлкен тапсырмалар қойылады деп ойлаймын. Одан бөлек мұнайды шетелге шығарудың баламалы жолдарын қарастыру міндеті қойылады. Алайда ол бір күнде шешілетін мәселе емес. 30 жыл бойы салынбаған жаңа құбырды аз уақытта салып шыға алмаймыз. Алдағы уақытта бюджетке түсетін қаржының мөлшері азаюы мүмкін, ондай қауіп бар. Құбырды ертең қосқанымен кейін тағы тоқтатуы мүмкін. Біз бір құбырға тәуелді болып қалдық. Ресеймен жағдайымыз жақсы болса да шетелге мұнай жеткізудің баламалы жолын іздеу қажет,-деді Е.Әбіл.

Оның ойынша, ел экономикасын тұрақтандыру үшін елімізге шикізат сату тәуелділігінен арылу керек. Бұл тұрғыда ертең АЭС салу мәселесі көтерілуі мүмкін,  ол да энергетикалық тәуелділіктен кетудің белгісі, деп санайды ол.
 

Өзгелердің жаңалығы