Қазақстанның бір палаталы парламент жүйесіне көшуі елдің саяси өмірін тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бұл туралы ISIA бас хатшысы Доменико Пальмиери «Сайлау-2026: қорытынды және жаңа саяси дәуір бастамасы» атты сараптамалық алаң алдында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мен Италиядан келдім. Біздің елде қос палаталы парламент жүйесі бар. Алайда менің жеке пікірімше, бір палаталы жүйемен жұмыс істеу әлдеқайда тиімді. Парламент құрамындағы 145 депутатпен жұмыс істеу де оңтайлы деп есептеймін. Италияда 600 парламентарий бар. Сондықтан дауыс беру және шешім қабылдау үдерісі көп уақыт алады.
Меніңше, бір палаталы жүйе елдің саяси өмірін қос палаталы жүйеге қарағанда тиімдірек басқаруға мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстанның бір палаталы парламент жүйесіне көшуі – дұрыс шешім. Дегенмен жаңа Конституцияны қабылдап, осы жүйені таңдаудың қаншалықты дұрыс болғанын келесі жылы немесе алдағы екі жылда нақты көре аламыз. Өз басым бұл дұрыс таңдау болды деп ойлаймын, – деді Доменико Пальмиери.
Сарапшы Қазақстандағы сайлау үдерістерін бұған дейін де бақылағанын атап өтті.
Астанаға алғаш рет 2022 жылғы президент сайлауы кезінде келдім. Кейін наурыз айында өткен соңғы референдумға қатысу үшін тағы келдім. Қазір де Астанадамын. Мен бақылаған барлық сайлау процесі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кәсіби түрде өткізілді. Техникалық тұрғыдан алғанда, бәрі мінсіз болды деп сеніммен айта аламын. Менің ойымша, бұл – 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі Қазақстан үшін аса маңызды сайлау. Ол елдің дамуында жаңа бағыт қалыптастыруға, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге жақсы мүмкіндік береді. Бұл – жаңа дәуірдің бастауы, – деді ISIA бас хатшысы.