«Бір айдан көп уақыт кетеді». Министр неге жаңа есірткі түрімен күресу қиын екенін түсіндірді

14 Наурыз 2023, 18:17
1249
Бөлісу:
«Бір айдан көп уақыт кетеді». Министр неге жаңа есірткі түрімен күресу қиын екенін түсіндірді
Фото: Үкіметтен

Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қазіргі таңда жаңа есірткі түрлерінің көбейіп келе жатқанын, алайда онымен күресу әдістері тұралап тұрғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алғашқы синтетикалық есірткілер Қазақстанға шамамен 10 жыл бұрын келген. Ал, зерттеу құралдары мен әдістемесі – ескі күйде. Қазіргі уақытта, «синтетиканың» күн сайын жаңа түрлері шығып жатыр. Соңғы 4 жылда тәркіленген «синтетика» саны 100 есеге өсті. Сондықтан, бұл есірткінің сот сараптамасы күрделі санатқа жатады. Оны өткізуге 1 ай немесе одан да көп уақыт кетеді. Бұл тергеу сапасына кері әсерін тигізеді. Күдіктілерге қарсы «жазаның бұлтартпас» принципі сақталмай келеді, - дед ол.

Министрдің айтуына қарағанда, қазіргі таңда сарапшының қорытындысы шықпай, «қамаққа алу» шарасын қолдану мүмкін емес.

Мұның кесірінен 108 қылмыскерге іздеу жарияланды. Сондықтан, сот сараптамасы органдарын заманауи және сапалы құралдармен жабдықтау қарастырылады. Тағы бір мәселе есірткіге тәуелді адамдарды емдеу және оңалту, сондай-ақ профилактиканың тиімді жүйесін қалыптастыру. Бүгін нашақорлардың нақты және сенімді есебі жоқ. Сарапшылардың пікіріне сәйкес, олардың нақты саны ресми деректерден кемінде 5 есе көп (Денсаулық сақтау министрлігінің есебінде - 18 мың нашақор). Сол себепті толыққанды есепті қалыптастыру үшін мәліметтерді әртүрлі дерекөздерден алу қажет, - деді Марат Ахметжанов. 

Ахметжанов есірткі қолдану фактілері  оқушылар арасында анықталып жатқанын айтты.

Болашақта скрининг өткізу жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – қоғамның нашақорлық деңгейін объективті түрде бағалауға және есірткіге тәуелді адамды, әсіресе жасөспірімдер арасында ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, наркологиялық көмек пен қайта оңалту сапасын арттыру қажет. Ол үшін наркологиялық диспансерлерді жаңғырту және жөндеу сонымен бірге емдеу-еңбек шеберханаларын құру көзделіп отыр, - деді ведомство басшысы.

Өзгелердің жаңалығы