Бірқатар тауарды Қазақстанға бажсыз әкелу ұзартылды

5 Қазан 2020, 13:08
2000
Бөлісу:
Бірқатар тауарды Қазақстанға бажсыз әкелу ұзартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тарифтік жеңілдік 2021 жылғы 1 қазаннан 31 наурызға дейінгі мерзімге ұзартылады. Бұл туралы  ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстан Республикасының бастамасы бойынша 2020 жылғы 2 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және болдырмау үшін пайдаланылатын кейбір тауарларға бажсыз әкелу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады. 

Атап айтқанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген әкелінетін тауарлардың нысаналы мақсаты расталған кезде вакциналарды, дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарын (маскалар, дезинфекциялау құралдары, қолғаптар және т.б.) өндіруге арналған шикізатты, сондай-ақ коронавирустық инфекцияны емдеуге және алдын алуға арналған әртүрлі аппаратураларды бажсыз импорттауға жол беріледі. 

Аталған тарифтік жеңілдіктің жарты жылдық ұзартылуы коронавируспен күресу үшін қажетті өнімді импорттау кезінде кедендік баждарды төлеу бойынша шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова. 

Кеңестің шешімі ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді және 1 қазаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Өзгелердің жаңалығы