Биометриялық төлемдер: Жеке деректер қаншалықты қорғалған?

Қазақстанда қаржы саласы цифрлық бағытқа қарқынды бет бұрып келеді. Соңғы жылдары банктер клиенттерге ыңғайлы қызмет ұсыну мақсатында биометриялық төлем жүйелерін: алақанмен, бет-әлпетті тану арқылы төлеу тәсілдерін жарыса енгізіп жатыр.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 11:52
Бүгiн 2026, 11:52
179
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жаңашылдықтар уақыт үнемдеуге мүмкіндік бергенімен, қоғамда «жеке деректер қаншалықты қорғалады?» деген заңды сұрақ туындап отыр. Осы мәселе төңірегінде IT маманы Ерлан Оспан пікір білдірді.

«Қауіпсіздік абсолют болмайды»

Сарапшының айтуынша, цифрлық жүйелердің қауіпсіздігіне қатысты қоғамда қалыптасқан түсінік шынайы жағдаймен толық сәйкес келмейді.

Көпшілік IT жүйелерді физикалық нысандар сияқты елестетеді. Яғни, күзетті күшейтсең, қауіп жоқ деп ойлайды. Бірақ цифрлық орта әлдеқайда күрделі. Мұнда барлық ықтимал қауіптерді алдын ала есептеу мүмкін емес, - дейді ол.

Оның сөзінше, қандай технология қолданылса да, толық қауіпсіздікке кепілдік жоқ.

Алақанмен төлеу, бет-әлпетті тану немесе логин-құпиясөз қою - бәрі де белгілі бір деңгейде тәуекелге ие. Интернеттің өзі қауіпсіз орта емес. Бірақ біз оны арзандығы мен қолжетімділігі үшін қолданамыз, - дейді сарапшы.

Биометриялық деректер де тәуекел аймағында

Маман биометриялық ақпараттың қорғалуы басқа деректерге қарағанда ерекше сенімді деп айту қиын екенін жеткізді.

Қазіргі жүйеде әр қызметкер тек өзіне қажет ақпаратты ғана көре алады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың жеке мәліметтері сыртқа шығып кеткен жағдайлар бар. Бұл — жүйеде толық бақылау жоқ деген сөз, - деді Оспан.

Оның пікірінше, мәселе тек технологияда емес, басқару мәдениетінде де жатыр.

Биометриялық деректер қарапайым мәліметтерден қауіпсіз болады деген түсінік - жалған. Егер ЖСН базалары тарап кетсе, онда басқа деректердің де қауіпсіздігіне күмән туындайды. Қазақстанда бұл бағыттағы қорғаныс деңгейі әлі жеткіліксіз, - деді ол.

Жасанды интеллектінің де қаупі жоғары

Соңғы уақытта банктер қызметтерін «жасанды интеллектпен» байланыстырып, белсенді насихаттап келеді. Алайда сарапшы бұл ұғымның көбіне маркетингтік сипатта екенін айтады.

Көп жағдайда AI деп айтылып жүрген жүйелер — жай ғана алгоритмдер немесе тілдік модельдер. Мысалы, чат-боттар - толыққанды жасанды интеллект емес. Ал биометрия - статистикалық есептеулерге негізделген құрал, - дейді ол. 

Ерлан Оспан банктер үшін басты басымдық технологиядан бұрын ішкі бақылау болуы керек деп есептейді.

Негізгі қауіп IT жүйеден емес, адам факторынан туындайды. Кейбір жағдайларда деректердің сыртқа шығуына банк қызметкерлерінің өзі себеп болып жатады. Сондықтан комплаенс жүйесін күшейту — ең маңызды қадам, - деп түсйіндеді ол.

Дипфейк дәуірі: Жаңа қауіптер қандай?

Алдағы жылдары қаржы технологиялары саласында қауіптің жаңа түрлері пайда болуы мүмкін. Сарапшының болжамынша, бұл ең алдымен жасанды интеллектінің дамуымен байланысты болады.

Жақын болашақта адамның дауысы мен бейнесін ғана емес, толық цифрлық көшірмесін жасау мүмкін болады. Бұл жалған тұлға арқылы жасалатын алаяқтықтың көбеюіне әкеледі, - деп болжады сарапшы.

Сонымен қатар, заңнамалардың технологиядан қалып қоюы да қауіптің күшеюіне әсер етеді.

Биометриялық төлемдер — қаржы саласындағы жаңа кезеңнің көрінісі. Алайда оның ыңғайлылығымен қатар тәуекелдері де бар. Сарапшының айтуынша, қауіпсіздік тек технологияға емес, адам факторына, бақылау жүйесіне және басқару мәдениетіне тікелей байланысты.

Наверх