Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрылады – министр

19 Мамыр 2020, 12:45
1458
Бөлісу:
Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрылады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Оған беделді ғалымдар мен сарапшылар тартылады, деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

"Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасына "Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау" бойынша жаңа бағыт енгізіледі. Субсидиялау есебінен қаржыландыру қолжетімді болады. Мөлшерлеме 6 пайыздан аспайды. Айналым қаражатын толықтыруға - 5 млн теңгеге дейін және өндірістік мақсаттарға - 20 млн теңгеге дейін несие беріледі. Бұл микробизнес өкілдерінің үлкен тобын қамтуға мүмкіндік береді. Осы орайда микробизнес үшін жаңа формат бойынша оқыту енгізіледі. Ол да қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетеді. Кепілдің жетіспеушілігін шешу үшін айналым қаражатын толықтыруға шағын және орта бизнес жобаларын несиелендіру бойынша Ұлттық банк бағдарламасы аясында берілетін қарыздарға "Даму" қорының кепілдігі пайдаланылады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары несие бойынша төлем мерзімін ұзартатын салалардың тізбесі кеңейтілді, - деді министр бүгін өткен Үкімет отырысы барысында. 

Оның айтуынша, арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік және салық есептерін жүргізу жеңілдетіледі. 
Жеке кәсіпкерлердің жалдамалы қызметкерлері мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жүктемені төмендету және міндетті төлемдерді төлеуді оңайлату мәселесі пысықталуда. Салық органдарына салық есептілігін алдын ала декларациялау міндеті жүктеледі. Бұл бизнеске әкімшілік ауыртпалықты азайтады, - деді ол.
Баяндамасында жұмыспен қамту, білім беру және денсаулық сақтауды қолдау шараларына тоқталған Руслан Дәленов еңбек нарығындағы жағдайды жедел жақсарту мақсатында жұмыссыз мәртебесін алу үшін тіркеуді оңайлату шаралары қабылданатынын айтты.
"Жұмыспен қамту жол картасын" іске асыру кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты тартуға және шағын және орта бизнесті кеңейтуге баса назар аударылатын болады. Білім беруге қашықтан оқыту әдістемесі жетілдіріліп, оқулықтар мен әдістемелік құралдар сандық форматта қолжетімді болмақ. Денсаулық сақтау саласындағы шаралар азаматтардың денсаулығын сақтауға және қорғауға бағытталған.  Жыл соңына дейін биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрылатын болады. Оған беделді ғалымдар мен сарапшылар тартылады. Ұлттық санитарлық эпидемиологиялық қызметті күшейту шаралары қолға алынып, материалдық-техникалық база нығайтылады, - деді ол.
 
Еске салайық, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрі экономиялық өсімді қалпына келтіру жөніндегі 2020 жылдың соңына дейінгі кешенді жоспарды таныстырып, тау-кен, агроөнеркәсіп, тұрғын үй құрылысын қолдау шаралары туралы айтқан болатын.



Өзгелердің жаңалығы