Білім және ғылым министрі ҰБТ өткізудегі өзгерістерді атады

1 Сәуір 2022, 23:13
1983
Бөлісу:
Білім және ғылым министрі ҰБТ өткізудегі  өзгерістерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі 2022 жылдың түлектеріне хат жазды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Дәстүрді жалғастырып, 2022 жылғы түлектерге хат жаздым. Оны оқушылар Kundelik.kz, BilimAl.kz және Mektep.Edu.kz білім платформаларындағы жеке кабинеттерінен оқи алады. Бірақ белгілі бір себептермен хатты әлі оқуға мүмкіндігі болмаған түлектер үшін оны осы жерде жариялаймын, – деп жазды министр Асхат Аймағамбетов.

                         Құрметті түлектер!

 Екі айдан кейін мектепті аяқтап, жаңа өмірге қадам басқалы отырсыздар.

Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарыңыз сіздерге білім мен тәрбиені қатар үйретті. Ата-аналарыңыз да үнемі кеңестерін айтып, дұрыс жол сілтеп отырды. Енді бойларыңызға сіңген осы қасиеттерді пайдаланып, өмірлеріңіздегі жауапты шешімді қабылдайсыздар.

Әрине, сіздер үшін алғашқы маңызды емтиханның бірі – ол ҰБТ. Бірақ ҰБТ өмірдегі ең жеңіл, оңай сынақтың бірі екенін айтқым келеді.

Оқушылардың ҰБТ-дан қиындықсыз өтуі үшін қосымша шараларды қабылдадық.

1. ҰБТ-ны электронды форматқа көшіріп, оны барынша әділ еттік. Орнатылған камералар, прокторинг және трансляция жүйесі түлектерге кедергі келтірмеуі керек. Себебі бұл шара ҰБТ-ның әділ және ашық өтуі үшін енгізілді.

2. ҰБТ жылына бір рет емес, 4 рет өткізіледі. Бұл жұмысқа әріптестеріміз көп күш-жігер жұмсаса да, бірақ ол түлектердің күйзелісін азайтып, университетке түсуіне бірнеше мүмкіндік беретінін білеміз.

3. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға да арнайы жағдай жасалды. Биылдан бастап оларға тапсырмаларды орындау үшін қосымша 40 минут бөлінді. Сондай-ақ тапсырмалар суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз берілді.

4. Енді тест тапсырушыларға калькуляторларды тұрақты түрде пайдалануға рұқсат етіледі.

5. Биыл сіздерге ҰБТ ұпайлары ғана емес, сонымен қатар әр пән бойынша нәтижелердің тақырыптық талдауы беріледі. Бұл сіздердің әлсіз тұстарыңызды талдауға және білімдеріңізді жетілдіруге көмектеседі.

6. Президенттің қолдауының арқасында грантқа түсуге мүмкіндік артып отыр. Биыл қосымша 15 мың грант бөлініп, стипендия мөлшері 15%-ға өсті.

7. Жақсы жаңалық та бар.  Инстаграмда мені белгілеп, грантқа түсу үшін бір емес, екі рет ҰБТ тапсыру туралы өтініш жазып жүргендеріңізді білемін. Шешім қабылдау кезінде біз оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысамыз. Сол себепті осы жолы да сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша шешім қабылдадық. Яғни енді сіздер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік аласыздар. Бұл шара эмоционалды стресс деңгейін төмендететініне сеніміміз мол.

Қымбатты түлектер! ҰБТ сынағынан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін. Білімдеріңіздің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, грантқа ие болыңыздар! Баршаңызға сәттілік тілеймін!

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

Өзгелердің жаңалығы