Білім саласындағы былық: Кім қанша ақша "жеп қойды"

Білім саласындағы былық: Кім қанша ақша "жеп қойды"

Соңғы уақыттары білім саласында ақша жымқырды деген күдікке ілініп, ұсталып жатқан білім бөлімі басшылары мен есепшілері жайлы жиі естіп жүрміз. Бірі Алматы облысында анықталса, бірі Қызылорда облысында, тағы бірі Түркістан облысында ұсталды. BAQ.KZ тілшісі жыл басынан бері анықталған фактілерге шолу жасады.

Қызылорда облысы: 1 млрд теңге

7 ақпанда Жаңақорған аудандық соты «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» ММ басшысы Б. Ибрагимовқа, бас бухгалтері К. Аязбаеваға және 24 мектептің бухгалтерлеріне қатысты үкім шығарды. Олар жалпы сомасы 1 млрд теңгеден аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. 

Сот үкімімен мекеменің басшысына және бас бухгалтеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру, мектеп бухгалтерлерінің біріне – асырауында жас баласының болуына байланысты 5 жыл мерзімге жазасын кейінге қалдыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сотталғандар мемлекеттік қызметте және өзге де ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында еңбекақы төлеу қорынан қаражат жымқырумен байланысты тұрақты қылмыстық схемаларды ашты:

1) қызметкерлерге жалақы оның лауазымынан қарағанда әлдеқайда көп аударылған;
2) жалақы білім беру мекемелерінде ресми түрде тіркелмеген адамдарға берілген;
3) қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлем құжаттарында басқа тұлғаның деректері көрсетілген;
4) бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет қайталаған;
5) «өлі жандарға» - туыстары мен жақындарына ақша аударған.

Бухгалтерлер мектептің бухгалтерлік есеп жүйелері, ұлттық білім беру базасы және «Қазынашылық-клиент» жүйесі арасындағы интеграцияның жоқтығын пайдаланған. Олар төлем құжаттарына қолмен түзетулер енгізіп, бюджет ақшасын жымқырған.

Алматы облысы: 680 млн теңге

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматы облысы Іле ауданының білім бөлімі» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ол Іле ауданының орта мектептерінде іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға адамдар тобымен алдын ала сөз байласу бойынша жалақы аудару арқылы 680 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікті.

Сонымен қатар, ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, өзінің жүргізушісін мектеп-гимназияға кәсіби бағдаршы лауазымына жалған жұмысқа орналастырып, оған заңсыз жалпы сомасы 4.9 млн теңге жалақы төлеген. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Бұл ақпаратты Антикор бүгін таратты.

Атырау облысы: Білім бөлімінің басшысы ұсталды

5 қаңтарда Атырау облысы Жылыой ауданының білім бөлімінің басшысы ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мәлім етті.

Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пара алу фактісі бойынша «Атырау облысы Білім басқармасының Жылыой ауданының білім бөлімі» ММ бөлім басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотымен «үй қамағына алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - делінген ақпаратта.

Түркістан облысы: 400 млн теңге

24 қаңтарда білім беру саласындағы қаражатты аса ірі мөлшерде ұрлау фактілерін ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті анықтады.

Сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді деген күдікке «Келес ауданының білім бөлімі» ММ бухгалтерлері ілінді, олар 2021-2023 жылдар аралығында білім беру мекемесінің қызметкерлерінің көрінеу жалған мәліметтерін базаға енгізген.

Мектеп қызметкерлерінің карт-шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) есепшілермен байланысты азаматтардың ЖСН-не ауыстырылғаны анықталды.

Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал 400 млн теңгеден асады.

Көрсетілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және күдікті адамдарға қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Түркістан облысы: Есепшісі тексеру кезінде өзіне қол жұмсады

Мақтаарал ауданы бойынша аудандық білім бөлімінің есепшісі Экономикалық тергеу департаментінің тексеруінен кейін өзіне қол жұмсады. Оқиға 25 қаңтарда болған.

Мақтаарал аудандық полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының бірінші бөлігі "Өзін өлтіруге итермелеу" бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Түркістан облысының білім басқармасы іс жүзінде тексеру жүргізді. Экономикалық тергеу департаменті Мақтаарал ауданына қарасты аудандық білім бөлімінің есепшілеріне шынымен де бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды деп жауап берді. Әзірше қандай сомалар туралы айтып отырғаны белгісіз.

Қазір Экономикалық тергеу бөлiмi Мақтаарал аудандық бiлiм бiлiмiнiң есепшiлiктерiне қатысты ҚР Қылмыстық кодексiнiң 189-баба 4-бөлiгi 2 ​​-тармағындағы "Мемлекеттiк бюджеттен қаражат жымқыру" бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексі 201-бабының 1-бөлігіне сай сотқа дейіңгі тергеп-тексеру деректері жарияланбайды, - делінген Түркістан облысы Экономикалық тергеу департаменті хабарламасында.

Сонымен қатар Түркістан облысы Жетісай ауданындағы білім саласының есепшілері 530 миллион теңге ұрлады деген күдікке ілінді.

Алматы облысы: 90 млн теңге

9 ақпанда Алматы облысының прокуратурасы Талғар ауданындағы мектептердің бірінде есепшінің жалақыға арналған бюджет қаражатын ұрлау фактісін анықтады.

Бұл құқық бұзушылық мектепте жұмыс істемейтін қызметкерлері мен олардың туыстарына ақша аудару арқылы жасалған.

Алдын ала келтірілген шығын 90 млн теңгеден асады және шығынды есептеу жалғасып жатыр.

Аталған факті бойынша облыс прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 189 бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) тергеулігі бойынша Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу басқармасына жолданды.

Осыған ұқсас факт Еңбекшіқазақ ауданында да анықталып, тергеу қорытындысы бойынша мектеп есепшісі тергеу сатысында 10 млн теңгеден астам шығынды өтеген.

Жетісу облысы: 34 млн теңге

5 ақпанда Жетісу облысында мұғалімдерге межеден тыс жоғары жалақы төлеген есепші анықталды.

Прокуратура мәліметінше, Жетісу облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімінің есепшісі мұғалімдерге жалақы мен демалыс ақысын жоғарылатып заңсыз төлеу арқылы, сондай-ақ бұл ұйымда мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға 34 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

Екінші бір жағдайда Сарқан ауданының әкімдігі туристік орындардағы орнатылмаған санитарлық-гигиеналық тораптар үшін 29 миллион теңгеден астам ақша төлеген.

Осы фактілер бойынша Жетісу облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (ерекше ірі көлемдегі жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Бұл баптың санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Депутат ұсынысы – басшыны жауапқа тарту

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау білім саласында жемқорлықпен ұсталғандарды ашық көрсетіп, басқарма басшыларын жауапқа тартуды ұсынды.

Білім саласындағы жемқорлықты айтып-айтып, шын мәнінде, ұялатын болдық. Қарап отырсақ, Жетісу облысы, Алматы облысы, Алматы қаласы туралы айттық. Енді мектеп директоры мен бухгалтерін ұстап жатырсыздар. Соны ашық түре көрсетіп айтсаңыздар. Мысалы, біз көбіне санын айтамыз. Алайда жауапкершілік жоқ сияқты. Процестің қалай болып жатқанын ашық көрсетсеңізер деймін. Өйткені адамдарда ертең мені де көрсетеді деген түсінік болуы керек, - деді депутат.

Нұргүл Тау Президенттің бірінші басшыларды жазаға тарту керегі (қол астындағы қызметкерлері жемқорлықпен айналысқан басшыларды – ред.) жайлы айтқанын еске түсірді.

Мысалы, Алматы және Жетісу облыстарындағы Білім басқармаларының басшылары жұмысынан кетті ме? Әлде тек мектеп директорымен ғана шектеліп отырсыздар ма? Өйткені, бір емес, қаншама мектеп. Менің ойымша, мәселеге тереңінен үңілу керек сияқты, - деп ол.

Антикор 2023 жылы 192 қылмыстық істі тіркеді

Антикордың мәліметінше, былтырдың басынан бері білім беру саласындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет барлығы 192 қылмыстық істі тіркеді. Олар бойынша залал 13 млрд теңгеден асты. Ең ірі жымқыру Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталды. 

Түркістан облысының екі ауданының өзінде - Шардара және Сарыағаш білім бөлімдерінің қызметкерлері үш жыл ішінде 3,7 млрд теңге жымқырған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Жетісу облысында Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас бухгалтері бастаған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды.

Қаражат білім беру саласының қызметкерлері болып табылмайтын тұлғалардың шоттарына ақша аудару арқылы жымқырылған.

Сонымен қатар құрамында 3 білім бөлімінің қызметкері мен 10 мектеп бухгалтері бар қылмыстық топтың мүшелері өздеріне және басқа мектеп қызметкерлеріне белгіленген жалақыдан жоғары жалақы төлеген. Оларға жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Залалды өтеу мақсатында жалпы сомасы 3 млрд теңгеге қатысушылардың мүлкі тәркіленді. Қылмыстық іс қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және сотта айыптауды одан әрі қолдау үшін қадағалау органына берілді. Бұл ретте, жымқыру фактілеріне бақылаушы органдардың лауазымды адамдарының қамқорлығы кезінде жол берілді, - делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Бөлісу:

Фото: Арман Мухатов