Жыл қорытындысы: Білім министрі 6 айда не тындырды?

19 Желтоқсан 2019, 15:16
7641
Бөлісу:
Жыл қорытындысы: Білім министрі 6 айда не тындырды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлт сауатты болу үшін, білім сапалы болуы тиіс. Бүгін білектінің емес, білімдінің сайран құрған заманы екенін ескерсек, білім беру жүйесі осал елдің "болашағы бар" деп айту асылық болар. Осыдан екі жыл бұрын Елбасының өзі "Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз" деген еді. Бұл орайда Асхат Аймағамбетов басқарып отырған Білім және ғылым министрлігі биыл қандай іс тындырды? Білім саласындағы оң өзгерістер мен жаңалықтар қандай? 2019 жыл қалай қорытындыланды? 

Күні кеше Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан біздегі білім жүйесін "қаскөй жүйе" деп қатаң түрде сөккені баршамызға мәлім. Ұрпақ үшін білімнен маңызды проблема жоқ екенін және оны халық пен жаңадан келген министр түбегейлі шешу керек деп еді. Министрліктің тізгінін осыдан 6 ай бұрын ұстаған министрдің қандай шаруа атқарғанына тоқталсақ.

"Әліппе" қайта оралады!
Әліппе мәселесін көптен бері ұстаздар болсын, ата-аналар болсын көтеріп жүр. Бұл – өте маңызды. Біз "әліппені қайтару керек" деп есептейміз. Ол 2021 жылы өздеріңізге жақсы таныс қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізілетін болады. Біз қазіргі уақытта осы жұмысты жүргізіп жатырмыз, - деп сүйінші хабарын жеткізген еді министр Тамыз конференциясында. 

Ол "Әліппенің" бірнеше нұсқасы зерделенгенін, алайда оларда ешқандай логика жоқ екенін айтты. 

Әліппе – тәжірибе жасайтын алаң емес. Бізде баяғыдан – нақты қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Ол – Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі. Сондықтан, ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеменің негізінде жұмыс жүргізетін боламыз, - деді Асхат Аймағамбетов.
Балабақшада ағылшын тілі оқытылмайды

Балабақшада ағылшын тілі енді оқытылмайтын болды. Ал тәрбиешілердің жалақысы көбейеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеген еді.

Мектепке дейінгі білім беру бағдарламасынан ағылшын тілін үйрету сабақтарын алып тастауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, тәрбиешілердің жалақысын көбейту жоспарлануда, - деді министр.

Заң жобасы мақұлданды

28 қарашада "Педагог мәртебесі" туралы Заң жобасы" мақұлданды. Бір жылдан аса талқыға түскен заңды Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Енді Сенаттың қарауынан өтсе Заң қабылданады.

Төрт бағыт бар. Бірінші, мұғалімдерді әртүрлі өзіне тән емес жұмыстарға тарту, қағазбастылық, тексеріс мәселесі. Бұл мәселелер бойынша нақты санкция қарастырылған. Енді бұдан кейін осындай мәселелер болатын болса, онда осы санкция бойынша айыппұл төлейді, 20-дан 120 АЕК-ке теңестірілген. Ұстаздар қауымының мойнынан түсетін тағы бір ауыртпалық – жүктеменің азаюы. Бір орынды алып отырған мұғалімге толық 18 сағат берілетін болса, енді оның да көлемі азаяды. 

Сол арқылы бір оқпен екі қоян атып, оқушылардың да миына ауыртпалық салудан құтыламыз, - деді Асхат Аймағамбетов.
Ол "Бір ставка – 18 сағат. 18 сағаттан 16 сағатқа түсіру деген сұрақ енді 10 жыл емес, одан көп уақыт біздің қоғамда талқыланып жатыр. Биыл осы мәселе шешімін тауып отыр. Енді біз осы мәселені 16 сағатқа дейін қысқартып, жалпы бұл тек қана мұғалімнің жүктемесі емес, балалардың жүктемесі типтік оқу жоспарларында азаяды дегенді білдіреді", - деп мәлімдеді қарашаның соңында.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазір мұғалімдер орташа жалақы көлемінің 65%-ын ғана алады. Егер Заң жобасы жыл соңына дейін қабылданса, келесі жылдан бастап, мұғалімдердің жалақысын 25%-дан бастап өсіру көзделген.

Мұндай жұмыстар қаңтар айынан басталады. Сынып жетекшісі болғаны үшін және дәптер тексергені үшін үстемақыны екі есеге ұлғайту бұл 182 мың педагогті қамтиды. Сонымен бірге мұғалімдердің демалысын 56 күнге дейін ұлғайту көзделген. Қазір олар 42 күн демалады, - деді министр. 

Оның айтуынша, бес жыл ішінде заңды жүзеге асыру үшін 5,3 трлн теңге қаражат қажет.

Элекрондық ҰБТ

Асхат Аймағамбетов шешімін табуға ұмтылған кезекті бір мәселе – ҰБТ. Ұлттық бірыңғай тестілеу процедурасын трансформациялауды көздеп отыр. 

Біз Ұлттық бірыңғай тест тапсыруды біртіндеп электрондық жүйеге көшіруді жоспарлап отырмыз. Мұндай ойымыз бар. Бізге ҰБТ гранттарды бөлудің ашықтығы мен әділдігіне кепіл беруі қажет, - деді министр.

Балаларды қате оқулықпен үйретіп жүргенін министрдің өзі айтты

Ол оқулықтардағы қателерді талдап берген еді. 

Есептің көрсетілген жауабы теріс. Мысалы, мұнда "0,24" деп көрсетілген. Ал есепті дұрыс шешсеңіз, "0,27" деген сан шығуы керек. География оқулығы да сондай. Карталар бойынша қателіктер бар. Ағылшын тілі оқулығында аударма мағынасы өзгеріп кеткен. Мәтінді мағынасына қарамай, сөзбе-сөз аудару көп кездеседі. Балалар сол қателік бойынша қатеге үйреніп жатыр деген сөз, - деп жыл сайын оқулықтардың сапасына сын айтылатынын алға тартты.

Ол сынның көбі "орынды" екенін мойындады. 

Оны әріптің қате басылуы десек те, техникалық қателік десек те, қоғам ондай ақталуды қабылдамайды. Оқулық дайындау - біздің міндет болғандықтан, оның сапасын да біз қамтамасыз етуіміз керек, - деді Асхат Аймағамбетов.
2021 жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшеміз
Бізде 11 жылдық білім беру қазір де-факто и де-юре деңгейінде қалып отыр. Бағдарламаны жаңарту 2015 жылы бекітілген болатын. Ол бекітілген кезде 11 жылдық мектеп бойынша 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі бағдарламалар алынды. Жаңартылған жүйеге сыныптардың 95%-ы көшті. Келесі жылы 11 сыныптар өтеді деп отырмыз. Сондықтан толықтай көшу маңызды. Егер қазір еш дайындықсыз 12 сыныпты енгізсек, үлкен қиындықтарға тап боламыз, - деді еліміздің бас ұстазы.

Аймағамбетов 12 жылдық білім беруге біртіндеп көшу қажет екенін айтты. Шамамен "2021 жылы көшеміз" деп отыр.

Өз пікірін жасырмай, батыл айтқан ұстазбен кездесті

Білім жүйесін қатаң сынаған ұстаздың видеосы аз уақыттың ішінде миллионнан аса қаралымға ие болып, қоғамда резонанс тудырған еді. 

Бұл өте "қатал, пайдасыз, зұлым тәжірибе" деп айтқым келеді. Неліктен? Шынын айту керек, балалардың әр сабаққа деген қызығушылығы, ынта-ықыласы жоқ. Олар СОЧ-ты күтеді, болды, баға алу үшін" деп ашық айтқан тарих мұғалімі Әлия Ахетовамен министр көзбе-көз кездесті.

Жалпы, мазмұнды әңгіме болды, біз осы жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. Мені кейбір әріптесімнің аса белсенділігі қатты қуантады. Белсенді мұғалімдер өздерінің азаматтық ұстанымына байланысты жұмыста "қиындықтарға тап болады" деп айта алмаймын. Ауылдық, қалалық, оңтүстіктегі, солтүстіктегі әріптестерімізді жиынға шақырамыз; білім саласындағы мәселелерді қызу талқылаймыз, дауласамыз және бірыңғай шешімге келіп жатамыз. Бұл - жұмыстың қалыпты процесі, - деп түсіндірді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Шәкіртақы 25%-ға өседі

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық деңгейде бакалавр дәрежесінде білім алушылардың шәкіртақысы 20 949-дан 26 186 теңгеге, магистратура шәкіртақысы - 53 530-дан 66 913 теңгеге және докторантура шәкіртақысы - 81 998-ден 102 498 теңгеге көтерілмек.

Техникалық және кәсіптік білім беру орындары студенттерінің де шәкіртақысы 25%-ға артатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы қыркүйек айынан бастап жұмысшы мамандықтағы 122 мың білім алушының шәкіртақысы 30%-ға ұлғайтылған. 

Мұғалімдерді жұмысқа тартуға тыйым салынады

Мұғалімдерді өзіне тән емес жұмысқа тартуға тыйым салынатын болады. Министр мұғалімдерді өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартқаны үшін және олардан орынсыз есеп беруін талап еткені үшін құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынатынын ескертті.

Критериалдық бағалау жүйесі қалады, алайда өзгеретін болды

Бүгінде білім және ғылым министрінің тапсырмасымен министрліктің жанынан жұмыс тобы құрылып, критериалдық бағалау жүйесін жетілдіру жолдары талқыланды. Мұғалімдер бір-бірімен пікір алмасты, дәлелдеді. Ескі жүйеге, яғни 3 балдық жүйеге "оралуға болмайды" деп келісті. Бағалаудың жаңа жүйесінде талаптар күшейтілді. 

Бұрын бақылау жұмысында баға шегеру әдісімен қойылды, яғни жіберілген қателер мен түзетулердің саны нәтижеге әсер етті (мысалы, нормаларға сәйкес қатесіз - 1 қателік – "5", 1-2 қателік – "4", 3-4 қателік – "3", 4-5 қателік және одан артық – "2").

Бағалаудың жаңа жүйесі оқу тапсырмаларын орындаудың әрбір кезеңін ескереді, бұл балл жинауға мүмкіндік береді. Жинақтау жүйесі оқушылардың өзіндік қызметін ынталандырады және оқу бағдарламасын меңгеруді қамтамасыз етеді, яғни білім сапасын арттыруға ықпал етеді.

Диплом сататын университеттерді анықтауға кірісті

Асхат Аймағамбетов арнайы тексеру жұмыстары кезінде диплом сататын университеттер анықталып, нәтижесінде қатаң шаралар қабылданатынын айтты.

Диплом сату мәселесіне келер болсақ, біз тиісті бақылауды күшейтіп, тексеру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Жалпы, мемлекет басшысының берген тапсырмалары бойынша тиісті шаралар қабылданады, - деді ол.
12 университетке айыппұл салынып, оның бірі сотқа жіберілді

Білім және ғылым министрлігі еліміздің жоғары оқу орындарын тексеруде. Бүгінгі таңда бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университет тексерілді. 

Олардың бесеуінде бұған дейінгі ескертулер жойылмағандықтан, 5 университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылды. Сондай-ақ, 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберілді. Жыл соңына дейін тағы 12 ЖОО бойынша бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын тексеруді жоспарлап отырмыз. Бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда, лицензиядан айыру және ЖОО жабу үшін құжаттар сотқа жіберіледі, - деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Плагиатқа тексерудің жаңа жүйесі енгізілді

Turnitin деп аталатын жүйе қазір сынақтан өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта диплом, магистрлік, ғылыми жұмыстар осы жүйеден өтеді. Бұрынғыдай қайта қорғау, тексеру деген болмайды.

Жалпы біздің қоғамда, өздеріңіз білесіздер, екіге бөліну бар. Біріншісі: "1970-1980 жылғы жүйені қайтарайық", дейді. Екінші жүйе: "Жоқ, біз заманауи, Фин мемлекетінің, басқа да мемлекеттің жүйесін әкелейік", дейді. Осындай екі пікір бар. Менің ойымша, басқа жақтың жүйесін топ еткізіп, бұл жаққа қою да дұрыс емес. Өйткені біздің мәдени, психологиялық тұрғыда өзгешелігіміз бар. Тарихимыз, тіліміз өзгеше. Сондықтан, әрине, біз ең жақсы тәжірибені алып, біздің елімізге керек саясатты қолдануымыз керек, - деген пікірін білдірді министр. 

Өзгелердің жаңалығы