Білім берудің жаңа көкжиегі ашылады - министр

1 Қазан 2022, 14:40
810
Бөлісу:
Білім берудің жаңа көкжиегі ашылады - министр

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Хабар 24» арнасының «Бетпе-бет» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Елімізде бүгінгі таңда 500 мыңға жуық ұстаз бар екені белгілі. 

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында ең түйткілді әрі талқыға түсіп жүрген мәселелерді көтерді. Соның ішінде үлкен проблеманың бірі – мектептегі балаларға орын жетіспеу мәселесі. Соңғы он жылда мектепте оқып жүрген балалар саны кем дегенде 1 млн-ға көбейген. Мектепті жыл сайын  160 мың бала бітірсе, 1-сыныпқа 400 мыңға жуық бала келеді. Сонда 1 жылдың өзінде мектепте балалардың көбейгенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл – алғашқы мәселе. Екіншіден, ауылдардан қалаға көшу үрдісі әлі тоқтаған жоқ. Үшіншіден, көп қалаларда жаңа үйлердің бой көтеруіне байланысты бар мектептердің өзі үш ауысыммен оқытуға мәжбүр, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айтуынша, қай тұрғыдан қарағанда да барлық факторлар бүгінгі күні мектеп тапшылығы проблемасын тудырып отыр. 

Президент бұл мәселені ашық айтып, бізге тапсырма берді. Бұған дейін 500 мектеп, 1000 мектеп деп айтылып келсе, Мемлекет басшысы 800 мың орын деді. Неге? Өйткені, 1000 мектеп салуға болады. Бірақ ол 50 орыннан, 100 орыннан болуы мүмкін. Сонда бұл проблема шешілмейді. Қасым-Жомарт Тоқаев біздің нақты жобаны қарап, 2025-2026 жылға дейін қандай тапшылық болады, сол тапшылықтың санын бүгін айтып, толығымен жоюға қатысты нақты меже қойды, - деді министр. 

Өзгелердің жаңалығы