Барлық кезеңдерден сәтті өтіп, сертификат алғандарға "басшы-көшбасшы" біліктілік санаты беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу және бекіту бойынша жұмыс жүргізуде.
Биыл бұл жоба пилоттық режимде іске қосылды. Бастапқы кезеңде жобаға қатысуға 8068 адам тіркеліп, оның 2809-ы тестілеуден өтті. Тестілеу нәтижелері бойынша оқуға ұсынылған үміткерлердің сараланған тізімі қалыптастырылды. 3 шілдеден бастап 275 үміткерді оқыту басталды. Білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын іріктеу бес кезең бойынша жүзеге асырылады.
Бірінші кезеңде үміткерлер өз құзыреттілігін бағалау үшін тестілеуден өтеді, екінші кезеңде оқуға жіберіледі, үшінші кезеңде еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтеді, төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізіледі және бесінші кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Нәтижесінде басшылардың республикалық кадрлық резерві құрылады. Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі, соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар кадр резервіне енгізіледі. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады, - делінген ақпаратта.
Атап өтейік, барлық кезеңдерден сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі. Бұл жобаны жүзеге асыру "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа мектептерді даярланған басшылармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге, ең бастысы, жаңа үлгідегі көшбасшылардың кадрлық резервін, білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын қалыптастыруға ықпал етеді.