2029 жылға қарай қазақстандық мектептер мен жоғары оқу орындары түлектерінің 80%-ы жасанды интеллект бойынша базалық дағдыларға ие болады. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының таныстырылымында жасаған баяндамасында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстан қызметтерді тек сұраныс түскеннен кейін көрсету моделінен адамның өмірінің барлық кезеңінде ерте балалық шақтан бастап белсенді ұзақ өмір сүруге дейін – білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларын біріктіретін бірыңғай цифрлық орта арқылы проактивті қолдау көрсетуге көшеді.
«Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында жасалатын «AI-SANA» флагмандық бағдарламасы барлық білім алушылар мен педагогтерге базалық цифрлық және жасанды интеллект сауаттылығын қамтамасыз етеді.
Вице-министрдің сөзінше, «AI-SANA» бағдарламасы бойынша 2029 жылға қарай түлектерді жасанды интеллект саласындағы базалық және тереңдетілген компетенциялармен қамту, ЖОО-лардың білім беру үдерістеріне жасанды интеллектті енгізу, педагогтердің дағдыларын дамыту бойынша нақты көрсеткіштер қойылған.
2029 жылға қарай педагогтердің 25%-ы озық AI-компетенцияларды меңгереді, жоғары оқу орындарының 84%-ы білім беру үдерістеріне жасанды интеллект технологияларын енгізеді деп күтілуде. Тиісінше, білім беру бағдарламаларының 80%-ы жаңартылып, мемлекеттік қызметтерді көрсету уақыты 50%-ға дейін қысқарады, – деді Арай Оразова.
Сонымен қатар, мұғалімдер үшін құзыреттердің үш деңгейлі моделі енгізіледі. 2029 жылға қарай педагогтердің кемінде 80%-ы цифрлық сауаттылықтың базалық деңгейімен, 25%-ы жоғары деңгеймен қамтылады, ал сарапшылар қауымдастығының үлесі 5%-ды құрайды.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығында Президент Жарлығымен бекітілген «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясының 2029 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары таныстырылды.
Тағы оқи отырыңыз: 2029 жылға дейінгі меже: Digital Qazaqstan аясында қандай жобалар іске асады?