Білім басқармасы елордада мұғалім тапшылығы қалай шешілетінін айтты

25 Тамыз 2023, 15:20
1352
Бөлісу:
Білім басқармасы елордада мұғалім тапшылығы қалай шешілетінін айтты
Фото: BAQ.KZ - архив

Бұл туралы «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өткен тамыз кеңесінде Астана қаласы Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ мектептерінде балалардың саны жыл сайын өсіп келе жатыр. Екі жыл бұрын балалардың саны 51 пайыз қазақ сыныбында оқитын болса, қазір 61 пайыз қазақ сыныбында оқиды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз, - деді Басқарма басшысы.

Сенғазыевтің айтуынша, қазір ата-аналардың көбі қазақ сыныптарын таңдап жатыр.

Баланы «қазақ сыныбы жоқ» деп орыс сыныбына қабылдап жатқан сөзге келіспейміз. Себебі қазақ сыныптарында оқитын балалардың саны 25-28 баладан, ал орыс сыныптарында оқитын балалардың саны 35-36 балаға дейін барады. Сондықтан Білім басқармасының балалардың мемлекеттік тілде білім алуына тиісті жоспары бар, - деді басқарма басшысы тамыз кеңесінің кулуарында журналистерге берген сұқбатында.

Ол биылдан бастап барлық мемлекеттік балабақшаларды топтастыру жүргізілгенін айтты. Сөзінше, топтастырылған топтардың 99%-ы мемлекеттік тілде ашылған.

Қазір мектептерге мемлекеттік тілдегі әдістемелік құралдар мен оқулықтарды сатып алып беріп жатырмыз.

Биыл 1-сыныпқа 27 мыңға жуық бала барады. Олардың 16 мыңы мемлекеттік тілде, шамамен 11 мыңы орыс тілінде білім алады, - деп ақпарат берді Қасымхан Сенғазыев.

Сонымен қатар Білім басқармасы басшысы елордада қанша мұғалім жетіспейтініне тоқталды.

Қазіргі таңда Ұлттық деректер қоры бойынша бізде оқу жылының соңында 248 мұғалімге тапшылық болған. Оны шешу үшін қазір конкурстар өткізіліп жатыр. Бүгін конкурстарды өткізудің соңғы күні. Мұғалім тапшылығы мәселесі шешімін тауып жатыр. Біз 2018 жылдан бастап жергілікті бюджеттен мұғалімдерді дайындауға гранттар бөлініп жатыр. Былтырдан бастап мың гранттан бөлініп келеді. Бұл бізге қажетті мамандарды дайындауға бөлініп жатқан гранттар. Бүгінгі күні қалада мұғалімдерге тапшылық мәселесі жоқ. Бірақ бала санының және «Жайлы мектептер» санының өсуіне байланысты педагогтерге тапшылық болуы мүмкін, - деп түсіндірді ол тамыз кеңесінде.

Басқарма басшысы осы мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен де, республикалық бюджеттен де бөлінген гранттар саны өсіп жатқанын атап өтті. Бұл гранттар Астанадағы педагогтерді дайындайтын университеттерге бағытталып жатыр.

Қасымхан Сенғазыев орыстілді мұғалімдер химия, физика пәндері бойынша жетіспейтінін қоса кетті.

Айта кетейік, елордада 24 тамыз күні екі күндік тамыз кеңесі басталған болатын. Бұл жиын еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде басталды.

Сонымен қатар тамыз кеңесінде биылғы жаңа оқу жылы 25 мамырда аяқталатыны белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы