Білім алу ешқашанда кеш емес

28 Ақпан 2023, 14:48
1804
Бөлісу:
Білім алу ешқашанда  кеш емес
Фото: informburo.kz

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Өмір бойы оқыту» үздіксіз білім беру тұжырымдамасы шеңберінде «Күміс университет» орталығы жұмыс істейді. Бүгінде мұнда жүзге жуық зейнеткер оқиды, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бағдарламаға құқықтық, цифрлық сауаттылық және смартфондарды пайдалану, қарым-қатынас пен саяхаттау үшін шет тілі, психологиялық тренингтер өткізу, салауатты өмір салты, қолөнер сабақтары, дизайн курстары арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыту кіреді.

Орталықта 100-ден астам тыңдаушы оқиды. Ағылшын, қазақ тілі, цифрлық және компьютерлік сауаттылық, психология, өнер, бау-бақша, дене шынықтыру және спорт, физиотерапия және емдік дене шынықтыру сабақтары өткізіледі. ЖОО-ның тәжірибелі, білікті оқытушылары аптасына екі рет сабақ өткізеді. Оқу процесінің толық курсын аяқтағаннан кейін барлық тыңдаушыларға сертификаттар беріледі, деп түсіндірді жоба үйлестірушісі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Қазақстан тарихы және «Рухани жаңғыру» кафедрасының академиялық доценті Кәрима Қанитаева.

Тыңдаушыларға тәжірибелі ұстаз Нинель Погнеребко жүргізетін сәндік-қолданбалы өнер сабақтары ұнайды. Ол 2012 жылдан бастап Еуроодақ дизайнерлерінің мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің көркемсурет-графика факультетінде және Баку қаласындағы көркемсурет училищесінде білім алған. 

Бала күнімнен сурет салғанды, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырғанды ұнататынмын, сондықтан есейгенде жаныма жақын осы бағытты таңдадым. Менің 40-тан астам жеке көрмелерім ұйымдастырылды. Біздің оқу орнында егде адамдармен жұмыс істеудің осындай форматы ашылған кезде өзімді сынап көргім келді, – дейді Нинель Погнеребко. 

Ол оқудың ешқашан кеш емес екенін және алған білімді өмірде қолдану керек екенін айтады. Оның тыңдаушылары ағаш және металл жұмыстарының жаңа әдістерін үйренуге қызығушылық танытып, «кракле» мозаикалық панелін, тегіс гравюра, филигрань негіздерін үйренуде.

Курс аяқталған соң көрме ұйымдастырамыз. Егде адамдардың күш-жігері таң қалдырады. Өйткені білімі бойынша олар әртүрлі мамандықтағы адамдар – агрономдар, бухгалтерлер, мұғалімдер. Сабақтарда біз киіз, ұлттық киім элементтерін қолданамыз, ою оямыз. Өнерден алыс, тіпті сурет сала алмайтын жандардың дайын шаблондарды қолданып, гравюра және металл жұмыстарын сәтті орындайтыны қуантады. Курс тыңдаушыларына шығармашылықтың таңғажайып әлемін ашқаныма қуанамын. Менің ойымша, күні бойы орындықта отырғаннан гөрі пайдалы іспен айналысқан дұрыс. Тыңдаушылар үнемі қолөнер туралы кеңестер сұрайды. Мерекелерде өз қолдарымен жасалған сыйлықтарын бір-бірлеріне сыйға тартады, – деп атап өтті ұстаз.

Курс тыңдаушысы, неміс тілі пәнінің оқытушысы, 49 жыл еңбек өтілі бар Халима Қожабаева зейнеткерлікке шыққанда хобби болуы керек деп санайды. Сол себепті Күміс университетте ағылшын тілін үйреніп жүр, әрі шет тілін білу әлем елдеріне саяхат жасағанда қажет болатынын айтады.

Ұйымдастырушыларға зейнет жастағы жандарға тамаша мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын. Жұмыс барысында жағымсыз эмоциялардан алшақтайсың. Шабытқа толы шығармашылық процесс әрине, күрделі, іс, табандылық, ұқыптылық, шыдамдылық қажет, - дейді Халима Қожабаева.

Ғайша Медетова орталықта екі жылдан бері дәріс алады. Бұрын фарфор зауытында ыдыстарды безендірумен айналысқан. 

Біз сабақтан тыс уақытта да кездесеміз, кештер ұйымдастырамыз. Жобаның арқасында жаңа достар таптық», – деп бөлісті зейнеткер. Ал Виктория Мұхамеджанованың мамандығы бухгалтер-экономист, бірақ әрдайым шығармашылыққа жақын болғанын айтады. Орталықтағы өнер факультетінде тігін ісімен айналысқанды ұнатады. Өз ісімнен шығармашылық шабыт аламын, ұзақ жылдан соң тігін өнерін қайта бастадым. Сабақтағы жағымды атмосфера ұнайды, мұғалімдер мейірімді, көп дүние үйрендік. Тіккен бұйымдарымды көрмелерге қоямын. Зейнеткер болсам да, фотограф болып жұмыс істеймін, өйткені қозғалыс – бұл өмір, - дейді зейнеткер.

Өзгелердің жаңалығы