Биліктің азаматтық қоғамға деген көзқарасы өзгеруі қажет - Дуамбеков

30 Қыркүйек 2019, 18:44
1553
Бөлісу:
Биліктің азаматтық қоғамға деген көзқарасы өзгеруі қажет - Дуамбеков

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін 2025 жылға дейінгі Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жобасын талқылау бойынша республикалық конференция өтті.

«Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ вице-президенті Мұсағали Дуамбеков конференция мақсаты жайлы айтып берді.

«Біз, яғни Қазақстанның Азаматтық Альянсы мыңдаған қоғамдық ұйымды біріктіріп отырмыз. Сондықтан осы тұжырымдаманың үкіметпен, одан кейін мүмкін президентпен бекітілуі - бізге өте қажетті шаруа. Себебі былтыр Азаматтық форумда бұл мәселе көтерілген. Бірақ әлі нәтижесіне, мұратына жеткен жоқ. Өткенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Жолдауында осы мәселені айтып өтті. Тұжырымдаманы талқылап, жақсы бір форматта шығару өте қажет болып отыр. Бұл енді оңай құжат емес. Былайша айтқан кезде белгілі бір бағыттың, белгілі бір саланың құжаты емес, ол жалпы қоғамға қолайлы болу керек. Қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, мемлекеттік емес ұйымдардың барлығын біріктіру, бір құжатқа кіргізу оңай шаруа емес. Сондықтан қазір небір түрлі ой айтылып жатыр. Құжаттың екі-үш нұсқасы бар. Соны қазір талқылап, бір мәмілеге келеміз деген ойдамын. Ең бірінші, осы тұжырымдаманы бекітіп алуымыз қажет. Одан кейін қаржы мәселесін шешуіміз керек», - деді Мұсағали Дуамбеков тілшіге берген сұхбатында.
 
Оның айтуынша, одан соң мемлекеттің, биліктің азаматтық қоғамға деген көзқарасы өзгеруі қажет. Мемлекеттегі көп функцияны азаматтық қоғамға беру керек. 

«Мысалы кезінде ол 100 қадамның 97-ші қадамында айтылды. Одан кейін «Нұр Отан» съезінде де сөз болды. Бұған қоса мемлекеттік функцияларды қоғамдық ұйымдарға беру туралы комиссия да құрылды. Бірақ үш-төрт жыл болды, әлі нәтижесіне жете алмай жатыр. Комиссия шаруаны әлі бітірген жоқ. Үкіметтің бұйрығы шыққан жоқ. Ол жерде көп те функция емес, 136-ақ функция бар. Соны берудің өзін қазір проблемаға айналдырып отырмыз. Бұл функцияларды атасақ, бізге қатысты әлеуметтік сала, мысалы мүгедектердің шаруасы, экология, бала-шаға. Одан кейін мынадай форум, конференцияларды қоғамдық ұйымдар өздері-ақ өткізе алады. Бағдарлама, тұжырымдаманы да дайындай алады. Соны бізге беру қажет. Әйтпесе жаңағы мемлекеттік органдар біреулерге береді де, олар арқылы бізге келеді, яғни екі-үш адамның қолынан өтеді. Ал бізге тікелей тапсырма беріп, жұмыс істесе тиімдірек болар еді», - деп түйіндеді Мұсағали Дуамбеков.
Өзгелердің жаңалығы