Қаржылық терминдердің түпкі мағынасын «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметкері, тіл маманы Марлен Әділов талдайды. Ол «Қаржы сөйлейді» айдарымен бұған дейін бірнеше сөздің тарихын ұсынған болатын. Бүгінгі шығарылымда қор сөзінің алғашқы мағынасына тоқталып отыр.
Қор сөзін күнделікті өмірде жиі естиміз. Ұлттық қор, зейнетақы қоры, әл-ауқат қоры, қайырымдылық қоры, ішкі қор, қор биржасы деген ресми қолданыстар жиі айтылады. Осыған қарап қор сөзінің «фонд» деген негізгі мағынасын түсінеміз. Қор сөзінің осы мағынасында әрине «қаржы, байлық» деген ұғым жатыр. Соған қарап қор-дың екінші мағынасы ол «жиналған ақша, капитал» деп те айтуға болады.
Ал қор қаржылық терминінің бұрынғы, яғни ең бірінші мағынасын білесіз бе? Өйткені ол терминнің қазіргі «ақшы қоры, жиналған қаражат» деген актив мағыналарының бәрі негізгі мағына емес, екінші, үшінші мағыналары екен.
Ендеше қор сөзінің ең бірінші мағынасы «ашытқы, ұйытқы» екендігіне сенесіз бе? Бұған дейін қазақ тілінде қордың тек екі мағынасы болған ол «қымыз ашытқысы » және қызыл шоқ. Бұлар екеуі де көшпенділер үшін өте қымбат нәрселер болған. Ашытқы қор болмаса ішетін сусын болмайды, шоқ қор болмаса, от болмайды. Сонда қор дегеніміз негіз, олсыз өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан қорды барынша сақтайды, қызғыштай қориды (қору дегеннің өзі осымен байланысты болса таңғалмаймын). Міне осы ұйытқы деген мағынадан барып қазіргі «ақша қоры» деген екінші мағынасы пайда болған. Мемлекет те балалардың болашағы үшін пайдаға жаратамыз деп Ұлттық қорды қорып сақтап отыр емес пе?!
Қор сөзі ең алғаш ХІ ғасырда Махмұт Қашқаридың сөздігінде жазылған, онда да тек «қымыз ашытқысы» деген мағынасы жазылған; ал қорлуқ деген формасы «ашытқы ыдысы» дегенді білдірген (Древнетюркский словарь, 458).
Қазіргі түркі тілдерінен қырғыз тілінде ғана қазақ тіліндегідей екі мағынада айтылады. Мысалы: қырғыз т. кор «қымыз, боза ашытқысы; қор, ақша, мал, мүлік қоры» (қараңыз, Юдахин сөздігі).
Өзбек тілінде «жиналған ақша, қор, байлық» деген мағынасы сақталып, бұрынғы мағынасы ұмытылған. Дегенмен өзбек тілінің диалектілерінде ғаеа қор «сүт ұйытқысы болып әлі сақталған сияқты. Ал татар және башқұрт тілдерінде қур вариантында және тек бұрынғы мағынасында ғана қолданылады, тіпті нан ашытқысы дегенді білдіреді, бұл тілдерде қазақшадағыдай қаржылық мағынаға ауысқан жоқ.
Бір қызығы ашытқының қаржылық мағынаға ауысуы тек қазақ тілінде ғана емес, моңғол, парсы, тіпті Еуропа тілдерінде байқалады. Мәселен, моңғол тілдерінде көрүнге формасы «ашытқы; фермент; тұқым (семена)» және «мүлік, әл-ауқат, қор, капитал» дегенді білдіреді. Моңғол тіліндегі екі мағынасы тіпті қырғыз тіліне де ауысқаны назар аудартады: кɵрɵӊгɵ «қымыз ашытқысы; ауыс.: ауқатты», мысалы, көрөңгөлүү «ауқатты». Сонда қырғызшада қымыз ашытқысы байлықтың эквиваленті ретінде айтылған, мысалы жоғарыдағы көрөңгөлүү «бай адам (сөзбе сөз ашытқысы, негізі бар)». Тура солай біздегі қор сөзі де байлық мағынасын ие болып тұр емес пе? Қорбай, Қордыбай (Қордабай) деген есімдер соның айғағы.
Парсы (Иран) тіліндегі «мая, ашытқы» мағынасындағы майә сөзі де «капитал» деген мәнге ие болған. Тіпті ол мағынасы түрік тіліне де өткен, ол тілде sermaye (негізгі ақша) «қор, капитал» деген формада жиі айтылады.
Енді қор сөзінің орыс тіліндегі аудармасы фонд деген атау «ашытқы» деген мағынадан келмесе де соған ұқсас «түп, негіз» деген мағынадағы латыншадағы fundus «основание» дегеннен келген. Сондай фонд пен фундамент екеуі бір негізден келіп тұр.
Қорыта келгенде қор сөзі де негіз-бен байланысты, ал фонд сөзі фундамент-пен байланысты, екеуі осылай байланысады. Қор айран мен қымыздың негізі болып, кейін байлықтың, қазынаның негізіне яғни қаржылық қорға ауысты. Қор болмаса сүт тағамдары болмайды, ал ақша қоры болмаса елдің экономикасы баянды болмайды. Сондықтан екі мағынадағы қорымызды қорып, сақтап жүрейік!