Билет қымбаттады, ал қызмет сапасы артты ма

11 Қазан 2024, 17:08
563
Бөлісу:
Билет қымбаттады, ал қызмет сапасы артты ма
Фото: Мақсат Рысбеков -архив

Биыл 1 қазаннан бастап елімізде пойыз билеттерінің бағасы өсті. Алайда әлі күнге дейін пойыздардағы қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Пойыздарда жағдай жоқ...»

Ақтөбе қаласының тұрғыны Дана Әміре тамыз айында Ақтау қаласына қыдырып барған. 15 мың теңгеге билет алған қала тұрғыны «Ақтөбе-Маңғыстау» пойызында жолаушыларға ешқандай жағдай жасалмағанын айтады.

Пойыз өте ескі, ауа баптағышы жоқ. Күн ыстыққа жолаушылар әбден қиналдық. Вагон ескі болған соң, купенің есіктері дұрыс жабылмайды, әжетханасы өте лас. Жарық шамдары түнде қосылмайды. Жолсеріктер вагон ішін сыпыртқымен сыпырып жүр, одан тараған шаң-тозаң жолаушылардың тамағына «қонады». Бір сөзбен айтқанда, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалмаған. Ақтаудан Ақтөбеге қайтар жолда да дәл сондай жағдай. Сапасы пойыз билетінің бағасына сай емес, — дейді Дана Әміре.

Қала тұрғынының айтуынша, облыста бұрынғыға қарағанда билет сатып алуда қиындықтар азайған. Тек іссапарыңызды ертерек жоспарлап, билет алсаңыз болғаны.

Бұрын билет алу үшін вокзалға баратын едік. Қазір ұялы телефон арқылы қосымшалардан сатып алуға болады. Жол жүргенде қазір еліміздегі бар жетістік осы ғана болып тұр, — дейді ол.

Ал Хромтау қаласының тұрғыны Мұрат Сейтімбет Астанаға қатынайтын пойыздар өте тар екенін жеткізді.

Астанаға бізден күнара пойыздар жүреді. Тек вагондар өте тар, жолаушыларға қолайсыз. Тазалығы жақсы болғанымен, мүгедектігі бар, сондай-ақ толық адамдарға жағдай жасалмаған. Тап-тар купеде жатып демалып барудың өзі мұң, — дейді ол.

Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы

Айбек Қайырдың айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысынан көрші елдер мен республиканың өзге өңірлеріне барлығы 26 пойыз жүреді.

Қазіргі таңда Ақтөбе станциясы арқылы №7/8 «Алматы-Саратов», №23/24 «Ақтөбе-Алматы», №27/28 «Алматы-Орал», №33/34 «Ақтөбе-Алматы», №57/58 «Орал-Нұрлыжол-Астана», №81/82 «Ақтөбе-Нұрлыжол-Астана» жүрдек пойыздары жүреді. Сондай-ақ №109/110 «Ақтөбе-Маңғышлақ», №305/306 «Ташкент-Самара», №317/318 «Бішкек-Самара», №613/614 «Маңғыстау-Орал», №691/692 «Ақтөбе-Атырау», №6991/6992 «Шалқар-Ақтөбе» және №8898/8897 «Жем-Ақтөбе» пойыздары облыс арқылы өтеді. Пойыз жөнелтілгенге дейін және пойыз келген кезде жолаушыларға қызмет көрсету бойынша көрсетілетін қызметтердің спектрі мыналарды қамтиды: билет кассаларында жол жүру құжаттарын беру, пойыз күту кезінде жолаушылардың қысқа мерзімді демалысын, бос уақытын және тамақтануын қамтамасыз ету, сақтау бөлмелері мен анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, басқарма пойыз қызметінің сапасына жауап бермейді. Тек жолаушылар тасымалы мен вокзал ғимаратының қызметін бақылай алады.

Вокзалға жөндеу жүргізу қажет

Қазір Ақтөбе теміржол вокзалының ғимараты тозып тұр. Ғимараттың іші де ескірген. Вокзалға барар жолдарға да жөндеу керек. Сондай-ақ бүгінде вокзал ғимаратының екінші қабаты пайдаланылмайды. Жолаушылар пойыздарды тек бірінші қабатта отырып күтеді.

Кейбір қалаларға барсаңыз, вокзалы айнадай жарқырап тұр. Ал бізде бәрі ескірген. Жолаушыларға арналған орындықтар темірден жасалған, сондықтан күз, қыс айларында отыруға салқын. Кассалардың барлығы бірдей жұмыс істемейді. Ал вокзалдың тіркеу бөлімі ешқашан қоңырауға жауап бермейді. Жалпы айтқанда, менің вокзал жұмысына көңілім толмайды, — дейді қала тұрғыны Дана Әміре.

Айта кету керек, Ақтөбе теміржол вокзалының ғимараты 1976 жылы салынған. Жалпы ауданы — 7235,8 шаршы метр. Вокзал 900 адамға есептелген. Мұнда күніне вокзал арқылы 10-12 пойыз өтеді.

Вокзал ғимаратына соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2013 жылы жүргізілді. Енді келер жылы тағы да жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда, — дейді Айбек Қайыр.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Ақтөбе магистралдық желі бөлімшесі филиалы директорының вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Болат Аюповтың айтуынша, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету және қолайлы жағдай жасау үшін Ақтөбе теміржол вокзалында анықтамалық-ақпараттық қызмет, пойыздар қозғалысының электрондық кестесі, ақпараттық стендтер, күту залы, медициналық бөлімше, асхана, сауда-саттық дүңгіршіктері, төлем терминалдары, банкоматтар, жолаушыларға арналған жүк сақтау қоймасы, транзиттік жолаушылардың ұзақ демалуына арналған демалыс бөлмесі, ана мен балаға арналған бөлме, қоғамдық дәретхана, жол жүру құжаттарын рәсімдейтін билет кассалары, полиция бөлімі мен температураны көрсететін табло сағаттар бар.

Мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін вокзалға пандустар қондырылған. Күту залында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындар, арнайы жабдықталған билет кассасы, вокзалдағы көрнекі ақпарат жүйесінде үй-жайлардың қолжетімділік нышандары бар пиктограмма, транзиттік мүгедектер үшін дәретхана мен күту бөлмесі, тегін мүдектер арбасы, қоңырау түймесі, баспалдақ көтергіші, тактильді тақтайшалар, сары сызықтардың сигналдық жолдары бар. Ал есту қабілеті нашар адамдарға арналған индукциялық панель анықтамалық бюрода орналасқан. Сондай-ақ вокзалдың қалаға шығатын жағында мүгедектігі бар азаматтардың автокөліктері үшін арнайы жол белгілері бар орындар бөлінген. Жалпы, жоғарыда айтылған барлық қызмет түрлері мен арнайы белгілер облыстағы ірі қалалардағы, атап айтсақ, Шалқар, Қандыағаш, Жем, Хромтау вокзалдарында бар, — дейді ол.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе теміржол вокзалы арқылы биылғы жылдың 8 айында орташа есеппен 5 мың адам жол жүрген. Мұнда екі жолаушылар платформасы бар. Теміржол вокзалы ғимараты халық көп жиналатын нысан болғандықтан, оның құрылымдық элементтері тез тозады. Вокзалдың эстетикалық және техникалық жай-күйін сақтау үшін жыл сайын шаруашылық тәсіл арқылы (ғимараттың ішкі және сыртқы қасбеттерін әктеу, сырлау және т.б.) жөндеу жүргізіледі.

Ақтөбе вокзалының ғимараты мен жолаушылар платформаларын жинау бойынша қызметтер клинингтік компаниямен жасалған ұзақ мерзімді шарт негізінде жүзеге асырылады. Осы ұйымның персоналдары ғимаратты тәулік бойы жинайды және жалпы пайдалану орындарына (күту залдары) ерекше назар аударады.

Жуырда Көлік министрі Марат Қарабаев облыс әкімдіктеріне вокзалдарды, оның ішінде Ақтөбе вокзалын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырған болатын. Қазір құжаттамалар дайындалып, қаржыландыру көздерін айқындау бойынша шаралар жүргізілуде.

Билет бағасы 20 пайызға өсті

Биылғы 1 қазаннан бастап елімізде пойыз билеттері қымбаттады. Көлік министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 14 теміржол тасымалдаушысы жұмыс істейді. Ал пойыздар 140 бағытқа қатынайды. Соның ішінде 62 пойыздың тарифі қымбаттаған. Мәселен, «Тальго» пойыздарының бағасы шамамен 19 493 теңге болса,

стандарт пойыздардағы купе құны — 19 653 теңге. Ал плацкарт бағасы – 12 871 теңге, қала маңына қатынайтын пойыз билеттерінің құны — 6314 теңге.

Сондай-ақ компания биыл теміржолшылардың жалақысын көтеруді де жоспарлап отыр.

Жалпы, бүгінде Қазақстан бойынша 2667 вагон болса, олардың тозу деңгейі 44 пайызға жеткен. Бағаның өсуі осы олқылықты жоюға бағытталып отыр.

Біз пойыз билеттері бағасының өсуі, сондай-ақ Ақтөбе теміржол вокзалы қызметінің сапасы мен жалпы жолаушылар тасымалы саласындағы проблемалар туралы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеевпен тілдескен едік. Ол биыл пойыздардың билет құны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің келісімімен 20 пайызға көтерілгенін жеткізді.

Оның айтуынша, баға пойыздарда көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мен вагон паркін жаңарту мақсатында өсіп отыр.

Биылғы 9 айда еліміз бойынша пойыздардағы қызмет көрсету сапасына қатысты жолаушылардан барлығы 1617 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 690-ы ұлттық тасымалдаушының жұмысына қатысты позитивті пікір болса, 427-сі — ұлттық тасымалдаушының жұмысына қатысты негативті пікір, ал 500-і — жеке меншік тасымалдаушыларға қатысты негативті пікір. Аталған шағымдардың көбі жеке меншік тасымалдаушылар пойыздарындағы жағдайлар мен қызмет көрсете деңгейіне, билеттердің жетіспеушілігіне, ауа баптағыштардың жұмыс істемейтіндігіне, пойыздардың кешігуіне және ескі вагондарға байланысты болып отыр. Барлық түскен өтініштер компания қызметкерлері тарапынан мұқият қарастырылады және барлық анықталған ақаулар уақытылы жөнделеді, — дейді ол.

Нариман Дүйсекеевтің айтуынша, қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында 5,4 мыңнан астам пойыз бригадасы қызметкері жұмыс істейді. Олардың қатарында 5200 жолсерік пен 202 пойыз басшысы бар. Жолсеріктер өз міндеттерін адал атқарып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Алайда кейде қызмет сапасына қатысты жолаушылардан шағымдар түседі. Мұндай жағдайда шағым бойынша мұқият тексеріс жүргізіледі.

Егер жолсеріктің кінәсі анықталса, онда оған тәртіптік жаза немесе ескерту беріледі. Ал егер жолсеріктің әрекеті еңбек заңнамасына қайшы келсе, онда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес онымен еңбек келісімі бұзылады. Мұндай шаралар қызмет сапасын арттыру және болашақта осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін қолданылады. Былтыр және биылғы 6 айда пойыздарда өткізілген рейдтер барысында жолаушылар мен жолсерікке қатысты жалпы саны 175 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 144 жолаушының билетсіз жол жүрген 78 жағдайы кездесті. Қызметтік тексерулер барысында 65 пойыз бригадасының қызметкерлерімен жұмыс шарттары бұзылды, — дейді Нариман Дүйсекеев.

Айта кету керек, егер пойыздардағы жолаушылар тасымалының сапасына қатысты шағымдарыңыз болса, онда +7 776 714 5686 нөміріне немесе вагондарда орналастырылған QR-кодтарды сканерлеп, WhatsApp чатына өтіп, операторға өз сұрағыңызды қоя аласыз. Сондай-ақ, жолаушылар ресми Instagram парақшасы @jolaushylar_tasymaly арқылы да байланыс орната алады.

Нариман Дүйсекеев «Жолаушылар тасымалы» АҚ билетсіз жолаушыларды тасымалдау және жол жүру құжаттарын қайта сатуға қарсы күрес жүргізу мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізіп жатқанын жеткізді. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске теміржол билеттерін заңсыз сату мәселесі бойынша толықтырулар енгізілген. Айыппұл мөлшері 100-ден 250 айлық есептік көрсеткішке дейін, қайталанған құқық бұзушылықтар үшін айыппұл 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін өскен.

Бүгінде елімізде пойызға билеттерді сатып алуға қолжетімді арналардың саны артып отыр. Мысалы, бұл бағытта билетті 15 сайт, 30 мыңға жуық өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтары, туристік агенттіктер, пошта бөлімшелері және басқа да сату нүктелері арқылы сатып алуға болады. Сондай-ақ www.bilet.railways.kz сайтында «Күту парағы» электронды кезек қызметі енгізілді. Егер жолаушылар билет болмаған жағдайда осы кезекке тұра алады. Бұдан бөлек, компания Ішкі істер департаментімен бірлесіп, билеттерді қайта сату фактілерін болдырмау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жолаушылар пойыздарына тұрақты түрде тексеру жүргізіледі. Біз жолаушылардан билеттерді заңсыз жоғары бағамен сататын немесе билетсіз пойызға отырғызуға уәде беретін делдалдарға жүгінуден аулақ болуды, сондай-ақ сапарларын алдын ала жоспарлауды сұраймыз, — дейді ол.

P.S. Қалай десек те, билет бағасы қымбаттағанымен, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы артпай отыр. Алдағы уақытта бұл мәселені «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ шешеді деп сенеміз. Ең бастысы, жолаушылардың талабы орынды, жолсеріктердің жұмысы нәтижелі болуға тиіс...

Өзгелердің жаңалығы