17 шілдеден 18 шілдеге қараған түні Астанадағы "BIG Шанхай" сауда үйінде ірі өрт шықты. Өртті сөндіру кезінде ТЖД-ның үш қызметкері зардап шеккен. Олардың бірі миы шайқалып, көгерген жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Қалған екі қызметкерге оқиға орнында медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті зардап шеккен өрт сөндірушілердің қазіргі денсаулық жағдайына қатысты пікір білдірді.
23 шілдедегі жағдай бойынша үшеуінің де жағдайы тұрақты, олар амбулаториялық ем қабылдап жатыр, - делінген қалалық ТЖД хабарламасында.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, өрт 30 113 шаршы метр аумақта толық сөндірілген. Қазіргі таңда өрт себептері анықталып жатыр.
Белгілі болғандай, базардағы өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсету штабы ашылды. Базар әкімшілігінің айтуынша, өрт салдарынан 262 кәсіпкер зардап шекті. Ал осы өрттен шығынға батқан саудагерлер әлі күнге дейін ешқандай көмек алмағанын, 80-90 млн теңгенің тауары кеткенін айтып, ашынып отыр. Олардың сөзінше, базар әкімшілігі байланысқа шықпаған.