Қазақстанның соңғы жаңалықтары

BIG Шанхайдағы өрт: Тауарды сақтандыру қалай көмектеседі?

Жансая ҚАМБАР
25 Шілде 2025, 18:45
871
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

18 шілдеге қараған түні Астана қаласындағы ірі сауда орындарының бірі – BIG Шанхай базары алапат өртке оранып, 262 кәсіпкердің сауда нүктесі мен тауарларының күлі көкке ұшты. Көпшілік үшін бұл – ауыр қаржылық соққы. Өйткені зардап шеккендердің басым бөлігі тауарларын сақтандырмаған. Осы орайда, BAQ.KZ тілшісі сақтандыру саласының маманы Шәкір Ажғалиевпен сөйлесіп, мұндай апаттардың салдарын қалай азайтуға болатынын сұрады.

BIG Шанхайдағы жағдай туралы естіген боларсыз. Бұл оқиға нені көрсетті?

Иә, бұл өте өкінішті жағдай. Онда менің де таныстарым бар еді. Өкінішке қарай, кәсіпкерлердің басым бөлігі сақтандырылмаған екен. Бұл – үлкен сабақ. Мысалы, бір кісі мектеп формасын 280 миллион теңгеге сатып алған. Кейін өрт болып, барлығынан айырылған. Мүмкін ол тауарды несиеге алған шығар. Ал несие болса, төлеу керек. Егер ол сақтандырылған болса, бір бөлігін өтеп алуға болар еді.

Сонда кәсіпкерлер сақтандыруды жиі елемей қала ма?

Иә, көпшілігі сақтандыруды шығын деп ойлайды. Бірақ бұл – үлкен қателік. Шын мәнінде, бұл – инвестиция. Айына 2-3 мың теңге төлеп, миллиондап шығынға батудан қорғануға болады.

Сақтандыру орта есеппен қанша тұрады?

Мысалы, сіздің ай сайынғы тауарыңыздың құны 10 миллион теңге болса:

  • Тауарды сақтандыру (ТМЦ): 0,3% – яғни жылына 30 000 теңге.
  • Мүлікті сақтандыру (қабырға, сөре, жабдық): 0,2% – жылына 20 000 теңге.

Бұл бір күнде ішілетін кофенің ақшасындай ғана. Бірақ оның орны толмас шығыннан қорғайтынын ескерсек, бұл өте ақылға қонымды қадам.

Өрт жағдайында өтемақы қалай төленеді?

Егер сақтандыру келісімшарты дұрыс рәсімделсе және инвойстық құжаттар болса, компания нақты көрсетілген сома негізінде өтемақы төлейді. Бірақ ескеретін жайт: кейбір кәсіпкерлер салықты азайту үшін инвойс құнын төмен көрсетеді. Сақтандыру да дәл сол сомаға негізделеді. Яғни 700 теңгеге алған тауарды 1000 теңгеге сатса да, біз тек 700 теңге үшін жауаптымыз.

BIG Шанхай базарындағы саудагерлердің сақтандырылмаған болуының себебі неде деп ойлайсыз?

Біріншіден, ақпараттың жетіспеуі. Екіншіден, “маған келмейді” деген теріс көзқарас. Мысалы, Артем базарында 2018 жылдан бері барлық жалға алушылар міндетті түрде сақтандырылады. Келісімшарт 3 дана болып жасалады: бірі сақтандыру компаниясында, екіншісі клиентте, үшіншісі сауда орталығы әкімшілігінде. Егер оқиға болса, әкімшілік құжаттарды жинап, сақтандыру компаниясына жолдайды.Сондықтан ол жақта мұндай жағдайда өтемақы алу мүмкіндігі бар.

Сауда орталығы әкімшілігі не істеуі керек еді?

BIG Шанхай базары сияқты ірі орталықтар жалға алушылармен келісімшарт жасасқанда, міндетті сақтандыруды талап етуі керек. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар дүние. Осылайша бүкіл сауда орталығы жанама түрде толық сақтандырылып тұрады. Әркім жеке-жеке сақтандырылғанымен, жалпы қауіп төмендейді.

Сол жерде зардап шеккен кәсіпкерлерге не айтар едіңіз?

Тек көңіл айтып, сабыр тілеуге болады. Көпшілік ауыр жағдайда қалды. Алдағы уақытта бұған байыппен қарап, алдын ала сақтандырғандары дұрыс.

Ақпаратыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы