Эстонияның Отепя қаласында жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі аяқталып, қазақстандық спортшы алғашқы ондықтан көрінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлемдік додаға қырыққа жуық елден 400-ден астам спортшы қатысты. Спортшылар спринт, жекелей сын, масс старт және эстафетадан өзара мықтыларды анықтады.
Ерлер арасында 15 шақырымға жарысудан Вадим Куралес 104 спортшының арасынан үздік ондыққа ілікті. Ол мәреге 8-ші болып жетті. Червенко Данил 31-ші, қыздар арасында 86 спортшының арасынан Арина Крюкова 35-ші, Милана Генева 39-шы орынға тұрақтады.
Жасөспірім ерлер арасындағы 10 шақырымдық спринтерлер сайысында Вадим Куралес үздік 25-ке кірсе, Данил Червенко 30-шы, Егор Гребенщиков 36-шы болып жарысты аяқтады.
Жасөсіпірім қыздар арасында 7,5 км спринтте Арина Крюкова үздік 30 спортшының қатарына енді. Ол мәреге 27-ші болып келді. Милана Генева 36-шы болып мәреге жетті.
Жасөспірім ерлер арасындағы эстафетада құрама 12-ші орынды иеленді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы атынан Данил Червенко, Егор Гребенщиков, Артем Афанасьев және Вадим Куралес өнер көрсетті.
Жарыстың соңғы күні жасөспірім қыздар арасындағы эстафетада команда үздік ондыққа енді. Эстафетаны Арина Крюкова бастады. Ол 2 айналымда да ешқандай қосымша оқтың көмегінсіз, барлық нысананы дәл көздеді.
Екінші кезеңде жарыс алаңына Милана Генева шығып, бірінші кезеңде межені дәл көздеп, екіншісінде бір қосымша оқтың көмегімен жапты. Одан әрі жалғастырған Мария Польдяева мен Ксения Долгополова да мергендік танытып, құраманы үздік ондыққа кіргізді.