БҒМ жаңа акция бастады

30 Қыркүйек 2021, 20:18
12998
Бөлісу:
БҒМ жаңа акция бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әр адамның өмірінде оның алғашқы ұстазы ерекше орын алады. Бұл туралы ҚР БҒМ Асхат Аймағамбетов өз парақшасында жазып, жаңа акция бастады.

Алғашқы ұстаздың бала өміріндегі рөлі, әсіресе, бүлдіршіндер бастауыш сыныптан 5-сыныпқа ауысқан кезде байқалады. Менің алғашқы ұстазым Любовь Валентиновна Гомзелева болды. Ол адамның әдемі жазуы мен әсем күлкісі әлі күнге дейін есімде. Бастауыш сыныптарда оқып жүргенімізде өзімізді ерекше сезіндік, мұғалімнің оқушыларға деген қамқорлығы мен сүйіспеншілігін көріп өстік. Сыныптағы әр оқушы мұғалімнің қолдауы мен махаббатын сезіп, өзін ерекшемін деп ойлауы — бұл педагог бойындағы ерекше бір қасиет болар - деп жазды министр.

Ол өз кезінде ұстаздардың сабақты өте қызықты өтетінін айтты.

Тарих пәнінің мұғалімдері Марат Исабекұлы мен Тыныштық Нұрбекқызының сабақтары өте қызықты өтетін. Шетел тілі мұғалімі Алла Васильевнаның есімі жадымда сақталып қалды. Сондай-ақ орыс тілі пәнінің мұғалімі Любовь Ивановна да есімде. Ерекше қатал және талапшыл мұғалім еді. Мұғаліміміздің «қанатты сөздері» бүгін біздің де сөздік қорымыздан табылып жатады - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр өзінің университеттегі ұстаздарының да білікті болғанын айтты.

Жоғары оқу орнында оқып жүрген кездегі оқытушыларым да керемет жандар болды. Олар студенттердің жеке тұлға болып қалыптасуларына айтарлықтай әсер етті. Қазан айының бірінші жексенбісінде елімізде Мұғалімдер күні атап өтіледі. Кәсіби мерекеге орай Білім және ғылым министрлігі #Ұстазыңдықұттықта акциясын бастады. Баршаңызды ұстаздарыңызды құттықтап, жылы лебіздеріңізді білдіруге шақырамын - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы