Бейжіңдегі үлкен келіссөз: Си мен Путин қандай мәлімдеме жасады?

Қытай мен Ресей лидерлері Бейжіңдегі келіссөзде стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру, көпполярлы әлем құру және халықаралық саясаттағы ықпалды күшейту туралы мәлімдеме жасады.

Кеше 2026, 18:28
АВТОР
 Қытай СІМ Кеше 2026, 18:28
Кеше 2026, 18:28
499
Фото: Қытай СІМ

Қытай астанасы Бейжіңде әлем назарын аударған тағы бір ірі саяси кездесу өтті. Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путинмен кеңейтілген форматта келіссөз өткізіп, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытай СІМ мәліметінше, кездесу қорытындысында ондаған құжатқа қол қойылып, халықаралық саясаттан бастап энергетика, сауда, технология және білім беру салаларына дейінгі мәселелер талқыланды.

Путинді Бейжіңде ерекше қарсы алды

Ресей президентін қарсы алу рәсімі Бейжіңдегі Халық жиналысы сарайында өтті. Салтанатты шара барысында екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалып, Қытай тарапы Путинді жоғары деңгейдегі дипломатиялық протоколмен қарсы алды.

Ресми рәсім кезінде Тяньаньмэнь алаңында 21 дүркін зеңбірек атылып, Владимир Путин Қытай халық-азаттық армиясының құрмет қарауылын аралап шықты.

Кездесу барысында Си Цзиньпин Путинді “ежелгі дос” деп атап, Ресей мен Қытай арасындағы қатынас бүгінде тарихтағы ең жоғары деңгейге жеткенін айтты.

Қытай мен Ресей арасындағы байланыс өзара құрметке, сенімге және стратегиялық серіктестікке негізделген. Соңғы жылдары екі ел арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде күшейіп келеді. Бүгінде біздің қарым-қатынасымыз жаңа тарихи кезеңге шықты, – деді Си Цзиньпин.

Си Цзиньпин: «Қытай мен Ресей әлемдік тұрақтылыққа бірге үлес қосады»

Қытай төрағасы қазіргі халықаралық жағдайда Бейжің мен Мәскеудің байланысы ерекше маңызға ие екенін айтты.

Оның сөзінше, Қытай мен Ресей БҰҰ, BRICS, ШЫҰ және APEC сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы үйлестіруді күшейтеді.

Біз әділетті халықаралық тәртіпті қалыптастыруға және көпполярлы әлем құруға бірге атсалысамыз. Қытай мен Ресей жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, – деді Си.

Сондай-ақ ол Батыс елдерінің қысымы жағдайында екі елдің стратегиялық әріптестігі одан әрі нығая түсетінін меңзеді.

Си Цзиньпин сауда, логистика, энергетика, жасанды интеллект, цифрлық экономика және жоғары технология салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше тоқталды.

Путин: «Ресей-Қытай қатынасы геосаясатқа тәуелді емес»

Владимир Путин де Мәскеу мен Бейжің арасындағы қарым-қатынасты “тарихтағы ең жоғары деңгей” деп атады.

Ресей мен Қытайдың байланысы уақытша саяси конъюнктураға тәуелді емес. Біз өзара теңдік пен құрмет негізінде жұмыс істейміз. Бұл серіктестік ешкімге қарсы бағытталмаған, – деді Путин.

Ресей президенті екі ел арасындағы сауда көлемінің тұрақты өсіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық күшейіп келеді.

Путин сонымен қатар Қытайдың Ресей экономикасы үшін негізгі серіктестердің біріне айналғанын айтты.

20-дан астам құжатқа қол қойылды

Келіссөз қорытындысында екі тарап 20-дан астам құжатқа қол қойды. Олар: энергетика, сауда, инвестиция, білім беру, ғылым, жоғары технология, логистика, цифрлық экономика салаларын қамтиды.

Тараптар сонымен қатар “жаңа халықаралық тәртіп”, “көпполярлы әлем” және “стратегиялық тұрақтылық” туралы бірлескен мәлімдеме жариялады.

Си мен Путин БАҚ алдына бірге шықты

Келіссөзден кейін екі ел басшысы БАҚ өкілдерінің алдына бірге шықты.

Си Цзиньпин бұл Владимир Путиннің Қытайға жасаған 25-сапары екенін атап өтті.

Қытай-Ресей қатынастары халықаралық жағдайдың өзгеруіне қарамастан дамып келеді. Бұл – жаңа типтегі ірі державалар арасындағы қарым-қатынастың үлгісі, – деді Қытай төрағасы.

Ол Қытай мен Ресейдің үшінші тарапқа қарсы одақ құрмайтынын айтты.

Біз теңдік, өзара құрмет және тиімді ынтымақтастық қағидаттарын ұстанамыз, – деді Си Цзиньпин.

Қытай-Ресей білім жылдары басталды

Сапар аясында Си Цзиньпин мен Владимир Путин Қытай-Ресей білім жылдарының ашылу рәсіміне қатысты.

Қытай төрағасы жастар арасындағы байланыс екі ел достығының болашағы үшін маңызды екенін айтты.

Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестіктің негізі болады, – деді Си.

Ал Путин гуманитарлық байланыстар мен студенттік алмасу бағдарламалары кеңейетінін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Путин мен Си Цзиньпин кездескені хабарланды

Наверх