Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығында Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық және құқықтық ынтымақтастықты дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің қытай тіліндегі аудармасы таныстырылып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Іс-шараға екі елдің дипломатиялық мекемелері, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, заң және баспа салаларының өкілдері қатысты. Қатысушылар гуманитарлық байланыстарды кеңейту, бірлескен құқықтық зерттеулер жүргізу және заңгерлік білім беру саласындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Азаматтық кодекстің қытай тіліне аударылуы Қытай мамандарына Қазақстанның құқықтық жүйесімен тереңірек танысуға мүмкіндік беріп, ғылыми және тәжірибелік байланыстарды нығайтуға жол ашатыны атап өтілді.
Жиынға Бейжің тіл және мәдениет университетінің профессоры Лю Шицинь де қатысты. Ол Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқу орнында білім алған жылдары оған сабақ берген.
Кездесу қорытындысында Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы мен Ганьсу саясаттану және құқық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат ғылыми алмасуды дамыту, мәдени іс-шаралар өткізу және бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Айта кетейік, іс-шара Қазақстан мен Қытайдың тоғыспалы мәдениет жылы және университеттің 70 жылдығы аясында ұйымдастырылды.