Бейжіңде Наурыз мерекесі тойланды

29 Наурыз 2022, 20:52
1453
Бөлісу:
Бейжіңде Наурыз мерекесі тойланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде жақсылықтың жаршысы, ізгілік пен берекенің бастауы, көктем мен жаңару мерекесі, Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын дәстүрлі түрде атап өтті.

Мерекеге Бейжіңдегі қазақ елінің дипломаттары мен олардың отбасы мүшелері, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Хатшылығының және Қазақстан ұлттық компаниялары өкілдіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ Қытайдағы қазақ диаспорасының өкілдері және Қытай жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты.

Өзінің алғы сөзінде Қазақстанның Елшісі Ғабит Қойшыбаев қалың жұртшылыққа Наурыз мерекесінің көпғасырлық мұрасына тоқталып, Самарқанның көк тасы еріп, қара жер бусанған, адамзатқа бақ пен дәулет, құт пен береке әкелген, жаңару мен жасарудың мерекесі ғана емес, Наурыз мейрамы сонымен қатар халықтар мен рухани мәдениетті біріктіруші, бейбітшілік пен бірлікті, татулықты сақтаушы, адамдардың жақсылық пен жарқын болашаққа деген сенімі екенін баса айтты.

Салтанатты шара аясында қазақстандық дипломатиялық миссия басшысы ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Ерік Әшімов пен ШЫҰ Хатшылығы жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Нұрлан Аққошқаровқа халықаралық аренада Қазақстанның мүддесін қорғауға және ілгерілетуге қосқан үлесі үшін "Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл" мерейтойлық медальдарын табыс етті.

Іс-шараның нағыз "інжу-маржаны" қазақстандық дипломатия өкілдігі жанындағы Қоғамдық кеңес ұйымдастырған мерекелік концерт болды. Бейжіңде жұмыс істейтін дипломаттар мен қазақстандықтардың балалары би билеп, әннен шашу шашты. Кішкентай әртістердің орындауындағы «Наурыз», «Атамекен», «Мен қазақпын» сияқты қазақ әндері, «Қамажай», «Тұлпар» и «Қазақ биі» сынды билері жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар "асық ату", "арқан тарту", "тоғызқұмалақ" сияқты ұлттық спорт ойындары  көпшіліктің көңілінен шықты.  

Өзгелердің жаңалығы