Бейжің Олимпиадасы: Қазақстан Туын кімдер ұстап шығады?

21 Қаңтар 2022, 21:07
1689
Бөлісу:
Бейжің Олимпиадасы: Қазақстан Туын кімдер ұстап шығады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шорт-тректен Қазақстан командасының көшбашысы, әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова 2022 жылы Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан Туын ұстап шығады. Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.

Екатерина Айдова алғаш рет 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасына қатысқан. Кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары өз мансабындағы төртінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі спортшы конькимен жүгіруден әлем кубогі кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы. 

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің байрағын көтеріп шығатын алғашқы қазақстандық спортшы қыз екенімді мақтан тұтамын. Көптеген атлеттер үшін бұл алғашқы Олимпиада, ал кейбіреулері төртжылдық додасына бірнеше рет қатысқан. Алайда, Олимпиадаға қанша рет қатыссаң да, ондағы сезім өзгермейді. Елің үшін мақтанасың және үлкен жауапкершілік барын түсінесің. Бейжіңде ел үмітін ақтау үшін бар күшімізді саламыз, - деді Екатерина Айдова. 

Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің барлық жүлдесі бар. 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалі де қоржыннан табылады. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның туын көтеріп шыққан болатын. Ол мұндай құрметке екінші рет ие болып отыр.

Олимпиада ойындарында Қазақстанның туын алып шығу үшін абырой. Еліңнің байрағын ашылу салтанатында көтеріп шыққандағы сезім өмір бойы ұмытылмайды. Бізге сенім артқан барша жанкүйерге алғысымыз шексіз. Барлық олимпиадашылар атынан бұл бәсекені асыға күткенімізді айтқым келеді. Спортшыларға дайындалу үшін бар жағдай жасалды. Елде де, шетелде де дайындалдық. Енді олимпиада айдынында ел намысын абыроймен қорғау үшін барымызды саламыз, - деді Абзал Әжіғалиев. 

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 4 ақпан күні Бейжіңдегі ұлттық стадионда өтеді. Еске салайық, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесті.
 

 

Өзгелердің жаңалығы