Бейсен Құранбек туралы кітап жарыққа шықты

11 Қазан 2020, 01:32
5051
Бөлісу:
Бейсен Құранбек туралы кітап жарыққа шықты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында танымал журналист, қазақ телевизиясының тарланы Бейсен Құранбек туралы естеліктер жинақталған кітаптың таныстырылымы болып өтті.

Жер жәннаты Жетісу өңірінен түркі әлемінің бесігі Түркістан шаһарына жеткен «Біздің Бейсен» барлық кітапхана төрінен орын алмақ. Жаңа кітапты оқырмандар рухани ордадан алып, оқи алады. Жинақ қазақ елінің біртуар перзенті, тележурналистика тарланы – Бейсен Абайұлы Құранбекті құрметпен еске алушы қалың көпшілікке арналған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтуынан басталған жинақта танымал ел ағаларының естелігі, замандастарының толғаныстары, ақындардың арнау жырлары, қарапайып көрермендердің ыстық ықыласы мен сағынышы топтастырылған.

Бейсен Құранбек туралы кітап жарыққа шықты

Қарапайымдылығымен қалың қазақтың есінде қалған қоғам қайраткеріне арналған туындының тұсаукесері дара тұлғаның Түркістан облысындағы әріптес, дос, замандастарының басын қосты. Халқының жанына жалау болған Бейсеннің болмысын танытатын оқиғаларды еске алып, әсерлі естеліктердің тиегін ағытты. Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми кітапханасында өткен рухани жиынға университеттің журналистика кафедрасының белсенді жастары қатысты.

Еркін форматта өткен кездесуде сөз алған Бейсен Құранбектің курстасы, ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ журналистика кафедрасының студенттеріне филиал тарапынан Бейсен Құранбек атындағы 3 стипендияның тағайындалғанын жеткізді.

Кездесу соңында «Біздің Бейсен» естелік кітабы университет кітапханасына және журналистика кафедрасына сыйға берілді.

Бейсен Құранбек туралы кітап жарыққа шықты

 Айта кетерлігі, Сейітқазы Матаев біліктілікпен басқаратын Қазақстан Журналистер одағының қатарындағы Түркістан облыстық филиалы бұған дейін де белсенділік танытып, бірқатар ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруымен ерекшелене білді. Атап айтқанда, биыл Мақтарал ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ұйымдастырылды. Сондай-ақ, пандемия кезеңіндегі инфодемия, яғни жалған ақпараттар тасқыны тақырыбында онлайн конференция өткізілді.

Өзгелердің жаңалығы