Бейбітшілікке бастайтын диалог: Қасиетті Тақ өкілі Қазақстанның рөлін бағалады

7 Қазан 2026, 11:01
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Аида Батухан 7 Қазан 2026, 11:01
7 Қазан 2026, 11:01
140
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Қазақстанның түрлі дін өкілдерін бір алаңға жинап, өзара диалог орнатуға қосқан үлесі зор. Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысында Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының өкілі Лоран Базанезе осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спикер Қазақстанның діндер арасындағы кездесу алаңы ретіндегі рөліне тоқталып, Съезд жұмысының сабақтастығын атап өтті. Оның айтуынша, Қасиетті Тақ бұл бастаманы 2003 жылдан бері тұрақты қолдап келеді. Осы уақыт ішінде Съездерге қатысқан делегацияларын әрдайым кардиналдар бастап келген.

Бұл сабақтастықтың мәні зор. Ол Қасиетті Тақ пен Дінаралық диалог жөніндегі дикастерияның осы бастамаға, сондай-ақ Қазақстанның діндер арасындағы кездесу алаңы ретіндегі рөліне қаншалықты мән беретінін көрсетеді, – деді ол.

Ол дикастерия префекті, кардинал Джордж Кувакадтың сәлемін жеткізіп, Қазақстан басшылығы мен Съезд Хатшылығына қонақжайлығы және дінаралық диалогты дамытуға деген тұрақты ұстанымы үшін алғыс айтты.

Астанада айтылған үндеу

Лоран Базанезе Рим Папасы Францисктің 2022 жылғы қыркүйекте өткен VII Съезге қатысуын ынтымақтастық жолындағы ерекше маңызды кезең деп бағалады.

Ол Францисктің Астанада айтқан «Қазақстан алыстан келгендер тоғысатын мекен бола берсін» деген тілегін еске салды. Спикердің сөзінше, Рим Папасының сол кездегі үндеуі бүгін де өзекті.

Франциск адами қарым-қатынасқа, шынайы диалогқа, адамның қадір-қасиетіне және өзара ынтымақтастыққа негізделген, бейбітшілікке бастайтын бауырластық жолына шақырған.
“Меніңше, Съезд пен оның Хатшылығының тұрақты жұмысы дәл осы жолдың жалғасуына қызмет етіп келеді», – деді Қасиетті Тақ өкілі.

Диалог тұрақты ынтымақтастыққа ұласуы қажет

Спикер былтыр өткен VIII Съезд пен онда қабылданған «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» құжатының маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, декларация діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті, құрмет пен бейбітшілік мәдениетін нығайтуға деген ортақ ұмтылысты білдіреді.

Дегенмен қабылданған құжаттардың маңызы одан кейінгі бірлескен жұмыспен айқындалады.

Бұл сөздердің маңызы зор. Алайда декларацияларға деген сенім, түптеп келгенде, олар қабылданғаннан кейін де бірлесіп жұмыс істеуге қаншалықты дайын екенімізге байланысты, – деді ол.

Осы тұрғыда Лоран Базанезе Хатшылық пен оның жұмыс тобының тұрақты қызметін жоғары бағалады. Ол бұл жұмыс діни лидерлер кездесулерінің сабақтастығын сақтап, диалогты ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа айналдыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Қазір – диалог орнатып, көпір салатын уақыт»

Қасиетті Тақ өкілі Хатшылықтың жұмысына және Съезд миссиясына алдағы уақытта да белсенді әрі сындарлы үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді.

Біздің мұндағы міндетіміз де осы: діндердің бауырластық пен бейбітшілікке қосатын үлесін арттыру үшін сабырмен, нақты істер арқылы, бірлесе отырып өзара байланыс көпірлерін салуды жалғастыру, – деді ол.

Наверх