Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Барыс жылы Қазақстан үшін ешкім болжамаған жағдайдан басталды. 1 қаңтарда сұйытылған газдың бағасы 120 теңгеге қымбаттағанына қатысты Жаңаөзен тұрғындары 2 қаңтарда митингке шықты. Шерушілердің талабы газ бағасын 50 теңгеге төмендету болды.
Себеп пен салдар
Жаңаөзен қаласының бастамасын кейін Ақтау мен Маңғыстау облысының барлық дерлік аудандары қолдады.
Осылайша, газ бағасын төмендетіп, әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап ету бойынша шерулердің эстафетасы басталды.
3 қаңтарда Атырау қаласындағы Махамбет пен Исатай атындағы алаңға 5000-нан астам адам жиналды. Полициямен кішігірім қақтығыс та болды. Бірақ жапа шеккендер жоқ. Белсенділер кешке дейін тарамайтынын айтты.
4 қаңтарда Орал қаласындағы белсенділер «Дина» гипермаркеті жанында орналасқан тұрақтағы полиция қоршауын бұзып өтіп, халықаралық Самара-Шымкент автожолына өтті. Олар өтіп бара жатқандар мен көлік жүргізушілерін өздеріне қосылуға шақырды.
Нұр-Сұлтанда 4 қаңтарда «Астана концерт залы» аумағында бір топ азамат рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырмақ болды. Оларға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қарағанды, Қызылорда, Семей, Жезқазған, Көкшетау, Екібастұз қалаларының тұрғындары да шеруге шығып, өз талаптарын қойды.
Ал Алматыда 4 қаңтарда өткен наразылық білдірушілер полицияға қар мен бөтелке лақтырған. Сонымен қатар ақпарат құралдарының хабарлауынша, бірнеше полиция көлігін зақымдаған.
Тәртіп сақшылары жарылғыш гранаталарды қолдануға мәжбүр болды. Қала әкімдігінің ғимаратын полиция мен арнайы жасақ қоршауға алды.
Полиция шеруге шыққандардың барлығын дерлік алаңнан қуып шықты. Шерушілер Абай даңғылының бойымен жайлап тарады.
Шерушілер дүкендер мен мейрамханалардың терезелерін сындырды деген де ақпарат тарады.
Осы шерулердің нәтижесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау мен Алматыда 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жариялау шешімін қабылдады.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада болған қақтығыс пен экстремистік әрекеттердің артында ішкі және сыртқы арандатушылар тұрғанын айтты.
Қазір олар ұсталып, бүлік салушылар анықталып жатыр. Қаладағы жағдайды билік бақылауына алды. Мемлекет басшысы Алматы қаласында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл заңдылық пен тәртіпті қалыпқа келтіру, қоғам қауіпсіздігін сақтау, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау жолындағы маңызды шешім, – деді қала әкімі.
Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін барлық саланы қалыпта ұстау мақсатында әкімдік тынбай жұмыс істеп жатыр.
Митингілердегі тәртіпсіздік туралы Ішкі істер министрлігі де пікір білдірді.
Еліміздің бірқатар аймақтарында заңсыз акциялар өтті. Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның ескертулеріне қарамастан азаматтар арандатушылық шақыруларға еріп, тұрақтылыққа және халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз әрекеттер жасай бастады.Сонымен қатар азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойды.Сонымен қатар құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалды, – деді министрліктегілер.
Сондай-ақ Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасап, әйнектері мен есіктерін сындырды, басқа да материалдық залал келтірілді.
Тастарды, таяқтарды, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдалану жағдайлары орын алды.Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу және тәртіп бұзушыларды ұстау бойынша заңда көзделген шараларды қабылдады.Заңсыз әрекеттердің салдарынан ішкі істер органдарының 95 қызметкеріне дене жарақаттары келтірілген. 37 қызметтік автокөлік бүлінген.Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасаудың 13 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды.Ішкі істер органдары халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдауда, – дейді олар.
Билік қандай шешім қабылдады?
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шаралар топтамасын іске асырды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады.
Маңғыстау облысының АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
Алайда дүйім халық бұл шешімді қабылдамады. Газдың бағасын 50 теңгеге дейін түсірмейінше, алаңнан кетпейтінін мәлімдеді.
Осы мәселені шешетін арнайы комиссия құрылып, олардың мүшелері Маңғыстауға аттанды.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен отырыс өтіп, оған Президент әкімшілігінің, Энергетика министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысты.
Комиссия барлық тарапты қанағаттандыратын өзара қолайлы шешім қабылдау үшін өзекті мәселелерді жан-жақты және жүйелі түрде қарады.
Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Маңғыстау халқына жолдаған үндеуінде Үкіметтік комиссия қабылдаған шешімнің 4 негізгі тетігін атады.
Құрметті маңғыстаулықтар, ардақты ағайын. Киелі Маңғыстау мекенінің мен үшін орны ерекше екені белгілі. Екі жылдан аса осы өңірде өздеріңізбен қоян-қолтық қызмет ету бақыты бұйырды. Аймақ жұртшылығының еңбекқорлығына, ыстық ықыласы мен дархан пейіліне мен өзім куәмін. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей тапсырмасына сәйкес құрылған Үкіметтік комиссия бүгін бірқатар нақты шешімдер қабылдады және шұғыл түрде жүзеге асырылуда, - деді ол.
Оның айтуынша, облыс аумағында газ құнының мөлшерін саралау «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының есебінен жүзеге асырылмақ.
Біріншіден, сұйытылған газдың бір литрі үшін баға 50 теңге болып бекітілді. Облыстың қалалары мен аудандарында газ құнының мөлшерін саралау «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының есебінен жүзеге асырылатын болады. Екіншіден, қазіргі уақытта біздің берген уәдемізге сәйкес, интернет ресрустары іске қосылды, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ ол жұртты сабырға шақырды.
Қадірлі бауырлар, сіздерді әр түрлі арандатуға және соның салдарынан болатын тәртіп бұзушылықтарға жол бермеуге шақырамын. Сабыр сақтап, тек қана ресми ақпараттарға сенулеріңізді сұраймын. Елдің бірлігі мен амандығы – біздің басты құндылығымыз екенін естеріңізге салғым келеді, - деді Ералы Тоғжанов.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та шеруге шыққан халықты сабырға шақырып, сырттан келетін провокацияларға ермеуге шақырды.
Демонстранттарды еліміздің тұтастығы мен бірлігіне сызат түсіруді көздейтін деструктивті топтардың үндеуіне құлақ аспауға шақырамын. Басқа да әлеуметтік-экономикалық талаптар ертеңгі елордада өтетін кеңес барысында жеке қарастырылады, - деді ол.
Мемлекет басшысы болған жағдайға қатысты әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді.
Президент өзінің былтыр маусым айында, Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысын сынға алды.
Қазіргі уақытта жобаның тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайындалған. Оны қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Екіншіден, сұйытылған газды тарату және саудаға шығарудың қазіргі тәртібі пысықталмаған. Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде Энергетика министрлігі электрондық сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық құрылысы өзгермейтінін айтты. Оның пікірінше, унитарлық, заң үстемдігі, жеке меншік құқығын құрметтеу және нарықтық экономика мемлекеттік саясатымыздың басты қағидаттары болып қала береді.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді:
1. Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу;
2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды;
3. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды әзірлеуге кірісу;
4. Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;
5. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;
7. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру.
«Еркек тоқты құрбандық». Отставкаға кімдер кетті?
Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Үкіметтің отставкасын қабылдағанын хабарлады.
Премьер-министр міндеттерін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.
Конституцияға сәйкес Премьер-министрдің қызметтен босатылуы бүкіл Үкіметтің өкілеттігін тоқтатқанын білдіреді. Үкімет мүшелері жаңа құрам жасақталғанша, өз міндеттерін атқара береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық кеңесте инфляцияға жол бермеу атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екенін, бірақ оның орындалмағанын айтты.
Бұл ел Үкіметінің келесі құрамының және министрлер кабинетінің жаңа басшысының ең басты міндеті болады, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев та қызметінен босатылып, оның орынаны Ерлан Қарин тағайындалды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Мұрат Нұртілеуді Президент әкімшілігі басшылығынан босатып, оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындады.
Қазір елдегі қоғамдық жағдай тұрақты. Әлеуметтік желілердің бірқатары істемей тұр.