"Беташар" халықаралық деңгейде танылды

23 Сәуір 2025, 10:39
1309
Бөлісу:
"Беташар" халықаралық деңгейде танылды
Фото: gov.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдени мұраны сақтау мен жаһандық деңгейде таныту жұмыстарын жандандыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет отырысында Балаева ЮНЕСКО конвенциясының қағидаттарына сәйкес, материалдық емес мәдени мұраны немесе "жанды" мұраны сақтау және қолдау мәселелеріне тоқталды.

Ең маңызды міндеттердің бірі – жойылу қаупі төніп тұрған элементтерді түгендеу және құжаттау бойынша кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу. Күтілетін нәтижелердің бірі – материалдық емес мұраны басқарудың тиімді тетіктерін әзірлеу. Осы тұрғыда, ЮНЕСКО-ның 2024 жылы бөлген гранты ерекше маңызға ие, ол 5 пилоттық салада практикалық шешімдерді енгізуге бағытталған. Жақында ғана біздің ерекше дәстүріміз – "Беташар" рәсімінің мәдени маңыздылығы халықаралық деңгейде танылды, – дейді Аида Ғалымқызы.

Министрдің сөзінше, таяуда "Салбурын" мен "Алпамыс батыр" номинациялары бойынша құжаттар әзірленіп, ЮНЕСКО қарауына ұсынылды.

Бүгінде ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" бағдарламасының Халықаралық тізімінде еліміздің бар-жоғы 4 құжаттық мұрасы бар. Олар – Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірті Бақырғанидың қолжазбалары, “Невада-Семей” халықаралық антиядролық қозғалысының аудиовизуалдық құжаттары және Арал теңізі архив қорларының құжаттары, сондай-ақ “Хандар шежіресі” бірегей қолжазбасы, – деді министр.

Еске сала кетейік, ЮНЕСКО тізіміндегі ескерткіштер қараусыз қалып отырғаны туралы осыған дейін жаздық. Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысаны бар.

Өзгелердің жаңалығы