Бес жылда 643 оқулық оқу процесіне енген

21 Желтоқсан 2020, 20:44
2252
Бөлісу:
Бес жылда 643 оқулық оқу процесіне енген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Оқулық» РҒПО мен С.Демирель атындағы университет бірлесіп өткізген «Заманауи оқулық және білім беру құндылықтары» атты республикалық ғылыми конференцияда «Оқулық» орталығы директоры Ғ.Бейсембаев мәлімдеді.

Бүгінгі өткізіліп отырған конференция «Оқулық» орталығының ашулуына 15 жыл толуымен тұспа-тұс келуімен ерекшеленіп отыр.

Тарих үшін үш бес жылдық аса көп уақыт болмағанымен, осы мерзім ішінде Орталық маңызы мен жауапкершілігі жоғары еңбек жолын еңсерді. «Оқулық» орталығы білімнің мазмұнын бағалау, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау арқылы білімнің сапасын қамтамасыз ету міндетін орындап келеді, бұл әрине, оқушылардың білім сапасына, тәрбиесіне оң ықпалын тигізді – деді ол.

Қарапайым ғана мысал, жаңартылған мазмұндағы 1-11 сынып оқулықтары кезең-кезеңімен 2016-2020 жылдары оқу процесіне енгізілді.

Аталған кезеңдерде «Оқулық» орталығы арқылы орта білім бойынша 5053 аталым оқулық пен оқу-әдістемелік кешен сараптамадан өтіп, оның 40%-ға жуығы білім беру ұйымдарына ұсынылды. Соның ішінде 643 оқулық оқу процесіне енді. Осы орайда авторлар мен баспалардың, сыртқы сарапшылардың да ерен еңбегіне алғыс айта отырып, ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өткен жөн, - деді Ғ.Бейсембаев.

Аталмыш шара орталықтың 15 жылдық мерейтойына орайластырылған. Іс-шараның басты мақсаты заманауи оқулықтардағы білім беру құндылықтарына, оқу әдебиеттерінің тіліне, мәтіндік және мәтіннен тыс аппаратына қойылатын талаптар бойынша өзекті мәселелерді талқылау.

Конференция барысында қатысушылар оқулық мәтінінің мазмұны мен этномәдени сипаты, оқулық мәтінінің танымдық және тәрбиелік мәні, оқулық әзірлеудегі психолингвистикалық және психодидактикалық талаптар, электрондық оқу басылымдары және білім берудің аксиологиялық қызметі мен оқулықтың мәтіннен тыс аппаратының рөлі және оған қойылатын талаптарды талқыға салды.

Жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігі мен оның бағынысты ұйымдарының, жоғары, техникалық және кәсіби, орта білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру ұйымдарының қызметкерлері, білім беру ресурстарын әзірлеуші баспа мен ғылыми ұйым өкілдері, оқу әдебиеттерінің авторлары мен сарапшылары қатысты.

Өзгелердің жаңалығы