Бес баланың өлімі. Енді мұндай қасіреттің қайталанбауы үшін әрекет етуіміз керек - Әшімбаев

5 Ақпан 2019, 12:00
3950
Бөлісу:
Бес баланың өлімі. Енді мұндай қасіреттің қайталанбауы үшін әрекет етуіміз керек - Әшімбаев

Астана, BAQ.KZ. Астанада өрттен көз жұмған бес баланың қазасына қатысты "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пікір білдірді.

"Расымен, бес бірдей бүлдіршіннің қапыда қаза болуы тұтас халықтың қабырғасын қайыстырып жіберді. Өкініштен өзегіміз өртенеді. Бірақ амал жоқ. Енді осындай қасіреттің қайталанбауы үшін әрекет етуіміз керек. Бұл жайт қоғамдағы кейбір өзекті мәселелердің кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді. Шын мәнінде, көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін аналарға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәселесінде әлі де болса жетілдіретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан да халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып, жазып жатқан сөздері орынды" - деді ол.

Оның айтуына қарағанда, «Нұр Отан» партиясы бұл бағыттарда нақты ұсыныстар дайындауда. 

"Алдағы уақытта сол бойынша Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп, жағдайдың жақсаруына өзіміздің үлесімізді қосамыз деп сенемін. Сонымен бірге партия жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданғанын жеткізгім келеді. Осы бағытта да бүкіл қоғам болып жұмылып, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы жолында бірлесіп жұмыс істейік" - дейді Мәулен Әшімбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Өзгелердің жаңалығы